Қаңтар оқиғасынан кейін Алматы экономикасы оңалуға жақын

Қаңтар оқиғасы кезінде зардап шеккен Алматының экономикалық өсімі маусым-шілде айларында толық қалпына келуге тиіс, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болған Ерболат Досаев айтты. Шаһар әкімі шағын және орта бизнес субъектілерінің сол кездегі шығынын өтеу бойынша Президент тапсырмаларының орындалу барысын баяндады.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру шаралары туралы мәлімет берілді. Атап айтқанда, маусым аралығында ерте пісетін көкөністер жеткізіледі. Ал тұрақтандыру қоры 11-ден 15 млрд теңгеге дейін көбейген.

 Бүгінге дейін құны 13,9 млрд теңге болатын 1,5 мыңнан астам өтініш мақұлданған. Қаңтар оқиғасынан кейін шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының 97%-і жұмысына қайта кірісті. Ерболат Досаев Алматының 2030 жылға дейінгі даму бағдары мен алдағы 3 жылда қалалық кәріз жүйесін жаңғырту бағдарламасын таныстырды. Бұдан бөлек, жекеменшік инвестицияларды тарту мақсатында индустриялды аймақты кеңейту жөніндегі жоспарын баяндады. Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы әкіміне бірқатар тапсырма жүктеді.