Қызылордада қанттың қымбаттауына арзан қордың таусылуы себеп болды

Қызылордада қант 4,5 процентке қымбаттады. Облыстағы арзан қордың түгесілуі мен тосап дайындау науқанының басталуы бағаға әсер еткен. Сыр өңірі импортқа тәуелді. Сондықтан мамандар шекердің шарықтауы алда дейді.

Бұған дейін әлеуметтік дүкендерде 1 келі қант 263 теңгеден сатылған еді. Қазір 370 теңге болды. 107 теңге қосылған. Бірақ ұзынсонар кезек әлі де бар. Тұрғындар таңғы сағат 7-ден бастап әлеуметтік дүкендердің алдына жиналады. Сағаттап күткенімен бір адамға 1 келі ғана беріледі. 

Ғалия Үсенова, қала тұрғыны:

- 37 теңгеден. Тегін қант таратылып жатқан жоқ. Кәдімгі ақшасымен бала басына берілсін. Мен көп балалы анамын өзім. Күміс алқамын. Қолымда 3 немерем бар. Сонда менің үйімде 11 адам өмір сүріп жатыр. Бір келі қантқа 11 адамға тұрмаймын ғой. 

Өңірде тұрақтандыру қорына 272 тонна қант сатып алынып, 38 әлеуметтік дүкен мен 14 әлеуметтік бұрыш арқылы тұрғындарға ұсынылуда. Әр дүкенге күніне 150 келідей ғана қант жеткізіледі екен. Сатушылардың өз уәжі бар. 

Сәуле Ноғайбаева, әлеуметтік дүкен сатушысы:

- Күнде сағат 11-де келеді. 3 қап келеді. Бір сағатта тауыстым ғой. Азаннан кешке дейін алысатынымыз қант. Мына саудамызды деген жинап қоямыз. Қантқа да төбелесіп жатыр. Бір қант үшін естімеген сөзіміз жоқ. Артық сөздер айтылады бізге.  

Қызылорда облысы қант нарығында импортқа тәуелді. Өңірге бұл өнім түрі Жамбыл, Алматы облысындағы қант зауыттарынан және Ресей елінен тасымалданады. Сонымен қатар тосап консервілеу кезеңі басталып, тұрғындар қант өнімін жаппай сатып ала бастаған. Бұл да жыл сайын осы жазғы кезеңде бағаның жоғарылауына себеп болады, дейді мамандар.

Талғат Дүйсебаев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Республикамыздағы 4 қант зауыты шығарып үлгірмей жатыр. Біз ортаға қазір делдал салып отырған жоқпыз. Тікелей зауыттан алып отырмыз. Өкінішке орай, зауыттың бағасы қымбат. Біз қазір операторлар бар, басқасы бар 490 теңгеден өсірмейміз деп соған жұмыс жасап отырмыз. 

Бүгінгі күні облыс бойынша жалпы қоры 247 тонна қант бар. Сонымен қатар тікелей қант зауыттарынан 680 тонна қант өнімін сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Жыл аяғына дейін 3315 тоннасын сатып алу жоспарланған.

Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов