Елде азық-түлік 17%-ке қымбаттады

Қанттың орташа бағасы 480-490 теңге болуы керек. Бұл жөнінде Үкімет басшысы мәлімдеді. Әлихан Смайылов азық-түлік бағасына қатысты арнайы кеңеске қатысып, кәсіпкерлердің ашкөздігін сынға алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қант қана емес, пияз, қырыққабат, картоп, сәбіз, қарақұмық бағасы да аспандап барады. Жыл басынан бері олар 17%-ке өскен. Ал өңірлер бойынша баға өсімі, әсіресе, Жамбыл мен Маңғыстау облыстарында қатты байқалады. Ондағы көрсеткіш 18,7%, Алматы облысында 18,6%-ке, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында 18,5%-ке және Шымкент қаласында 18%-ке артқан. Соңғы апталарда рейдтік шаралармен үй жанындағы 43 мыңға жуық дүкен тексерілді. Нәтижесінде 712 бұзушылық анықталып, тиісті шаралар қабылданды.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

– Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректері бойынша қант қоры 100 мың тоннадан асады, ал тұтыну көлемі айына 59 мың тонна. Демек қор жеткілікті. Бірақ үй жанындағы дүкендерде ол 700-800 теңгеден сатылады. Бұл – сұранысты пайдаланып, үстеме ақы қойып отырған заңсыз кәсіпкерліктің «нәтижесі». Жалпы қанттың орташа бағасы шамамен 480-490 теңге болуға тиіс. Мұны ретке келтіру керек.