Қазақстандықтар банктерге 11 трлн 400 млрд теңге қарыз

Қазақстандықтар банктерге 11 трлн 400 млрд теңге қарыз

Бұл туралы бүгін банкроттық туралы заң жобасын талқылау кезінде Халықтық партияның төрағасы Ермұхамед Ертісбаев мәлімдеді. Оның айтуынша, қазір 6 млн 300 мың адамның банктегі несиесі бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соңғы 3 жылда елде кредит беру көрсеткіші 70 процентке артты. Тағы 1 млн адам – микроқаржы ұйымдарының борышкерлері. Жиынға қатысқан сарапшылардың пікірінше, қарызға батқан азаматтарымызды тек банкроттық туралы заңның қабылдануы ғана құтқарады. Сондай-ақ бұл құжат қаржы ұйымдарының жұртқа ойланбастан кредит бере беру үрдісін тоқтатуға бағытталуы тиіс.

Рахым Ошақбаев, Қазақстан Халық Партиясы төрағасының орынбасары:

- Дамыған елдерде банктер несиені тек қарызын қайтаруға мүмкіндігі бар адамдарға ғана береді. Ал бізде кез келген азамат кредит рәсімдей алады. Банктер бұған дейінгі қарызын өтемегендерге де несиені растайды. Жағдай өзгермесе, біздің халық кредиттің қыспағынан ешқашан шыға алмайды. Банкроттық туралы заңда осыны ескерген абзал.

Естеріңізге салайық, қаңтардың 5-інде ел Президенті «Банкроттық туралы» заңның жобасын әзірлеуді тапсырған. Оған жауапты Мемлекеттік кірістер комитеті Парламент Мәжілісінде 3 кездесу өткізіп, құжаттың тұжырымдамасын таныстырды. Қоғам талқысына бірнеше ұсыныс енгізілді. Банкроттықты 7 жылда бір рет қана жариялап, одан кейін 5 жыл бойы несие алуға рұқсат берілмейтіні де айтылды.