Елордада «Қазақстанның үздік тауары-2022» өңірлік көрме-байқауы өтті

Биыл елордада шағын және орта кәсіп иелерінің саны 175 мыңнан асты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Былтырға қарағандағы өсім 13 процент. Қалада 415 мыңнан аса адам осы кәсіпкерлік саласында еңбек етіп жүр. Жалпы шағын және орта бизнес бас қаланың ішкі өңірлік өнімінің 67 процентін құрайды. Бұл өзге өңірлер арасында ең жоғары көрсеткіш. Халыққа арналған үздік өнімдер, үздік азық-түлік және өндірістік тауарлар. Ісіне адал, сапаға берік елордалық өндірушілер «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауында марапатталды. Олар бас қаланы күнделікті ұн, ет-сүт өнімдері, киім-кешек, медицина және өндірісте қажет өзге де бұйымдармен қамтиды. Осындай 85 қатысушы бүгінгі көрмеде 3 мыңнан аса тауарын ұсынды. Жалпы байқауға 100-ден аса өтінім түскен.

Ержан Балтаев Нұр-Сұлтан қалалық инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы:

– Жылдан-жылға кәсіпорындардың саны көбейіп жатыр. Жалпы Нұр-Сұлтан қаласында бізде осындай бизнесті қолдау мақсатында әртүрлі инструменттеріміз бар. Ішкі өнімді өсіру мәселесі күнделікті қадағалауда болғандықтан, бүгінгі жасап жатқан шарамыз өте пайдалы шара. Бұл жерде тек қана тауар өндірушілермен танысып қана қоймай, жалпы бизнесті әрмен қарай дамытуға ықпал жасайды деген сенімдеміз.

Үздік болуға талпыну тауар өндірушілерді кәсібін одан әрі дамытуға ынталандырады, дейді ұйымдастырушылар. Мәселен, көрме-байқауға алғаш қатысып қана қоймай, жүлделі болғандардың бірі – елордалық наубайхана. Онда Италия технологиясымен чиабата наны пісіріледі және ол тұтынушылардың мол сұранысына ие.

Жанаргүл Жанаева, «Қазақстанның үздік тауары – 2022» өңірлік көрме-байқауының жеңімпазы:

– Біздің компания бұл байқауда нан-тоқаш өнімдерін ұсынды. Оның ішінде ең танымалы – чиабата наны. Құрамына жоғары сұрыпты ұн, ашытқы, зәйтүн майы, тұз кіреді. Қарапайым болғанымен, пайдасы зор. Оның құпиясы – нанды әзірлеу технологиясында.

Нұр-Сұлтан қаласындағы салық түсімдерінің басым бөлігі шағын және орта кәсіпкерлікке тиесілі. Биылғы І тоқсанның өзінде бизнес нысандары 214,3 млрд теңге салық төлеген. Өткен жылы елордалық шағын кәсіпорындар 8,8 трлн теңгенің өнімін шығарды. Биыл кәсіпкерлікті дамытуға бюджеттен 25,7 млрд теңге қарастырылып отыр. Бұл өткен жылы бизнесті қолдауға бөлінген қаржыдан 65%-ке артық.

Авторлары: Рухани Асқар, Нұрғали Мамырбаев