Таразда үздік отандық тауар таңдалды

Таразда үздік отандық өнім таңдалды. Іріктеу «Қазақстанның үздік тауары-2022» өңірлік көрме-байқауында өткізілді. Жеңімпаздар үш номинация бойынша анықталды. Енді олар сәтін салса жыл  соңында Елордада өтетін республикалық байқауға қатысады.

Азық-түлік тауарлары, киім, жиһаз, кәдесыйлар, химиялық және құрылыс материалдары. Мұның бәрін 80-нен астам жамбылдық кәсіпорын «Қазақстанның үздік тауары-2022» өңірлік көрме–байқауында жұртшылық назарына ұсынды. Олардың арасында клиенттердің сеніміне ие болған танымал отандық компаниялар да және өз ісін енді бастағандар да болды. Аталған шара 2006 жылдан бері өткізіп келеді. Бұл дегеніміз аймақта кәсіпкерлік саласы жанданып келеді деген сөз. 

Нұржан Нұржігітов, облыс әкімі:

- 2022 жылдың 6 айында шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 10,5 миллиард теңге шағын несие берілді. Екі мыңнан астам азаматқа 3,3 млрд теңге грант бөлініп жатыр. Кәсіпкерлік саласындағы жұмыстарды жетілдіру, әрі тиімділігін арттыру мақсатында облыста 3 арнайы алаң іске қосылды. 

Аталған көрмеге қос қолының жоқтығына қарамастан тігін цехын ашқан іскер әйел Анар Бексұлтанова да қатысты. Ол екі аяқпен ұлттық стильдегі қыз жасауын дайындайды. 

Анар Бексұлтанова, «Қазақстанның үздік тауары-2022» көрме-байқауының қатысушысы:

- Осы іспен 2013 жылдан бері айналысып жатырмыз. Бастапқыда бұл бір жақындарыма қажеттілік ретінде жұмыс орны болсын деп ашқан едік, кішкентай бір бөлмемізден. Цехта өзімнен басқа төрт адам жұмыс істейді. Біреуіміз кестелесек, біреуіміз құрақ құраймыз, біреуіміз қабимыз деген сияқты әркімнің өз жұмысы бар. 

Өңірлік байқау жеңімпаздары үш номинация бойынша таңдалды. Қатысушыларды бағалау кезінде қазылар алқасы ең алдымен өнімнің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін ескерді. «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік байқауының жеңімпаздары енді жыл соңында Нұр-Сұлтанда өтетін республикалық шараға қатысады.

Самат Қайырденұлы, Анастасия Сулейманова, Бақытжан Бапаев