Павлодар мұнай-химия зауыты жұмысын қайтадан бастады

Кәсіпорын жоспарлы жөндеуден өтіп, енді үздіксіз өніммен қамтамасыз етуге дайын.

Бір апта ішінде мұнай өңдеушілер өнім шығаруды бір жарым мыңнан тоғыз мың тоннаға дейін арттырады. Бұл еліміздің орталық және солтүстік өңірлеріне алдағы егін жинау науқаны үшін алдын ала отын қорын жинақтауға мүмкіндік береді. Зауыттың қайта қалыпты жұмыс істеуінің арқасында баға тұрақталады.

Естеріңізге сала кетейік, жақында Қазақстанның бірқатар өңірінде отын жеткізуде іркіліс пайда болды. Үкімет бұл мәселелерді жедел түрде шешіп берді. Энергетика министрлігі екінші жарты жылдыққа жанар-жағармай бағасын бекітті. Тасымалдаушылар үшін шығыны көп Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарын қоспағанда АИ-92 маркалы бензин мен дизель отынының құны бұрынғыша қалды. Кеше Павлодар мұнай-химия зауытына жұмыс сапарымен барған ҚР премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов кәсіпорын басшылығына кадр даярлауды күшейтуді тапсырды. Зауыт ұжымымен кездесуде вице-премьер халықтың табысын арттыру бағдарламасының басымдықтары туралы айтты. Зауыт мұнай өңдеушілердің жалақысын өзінің қаржылық мүмкіндіктері аясында көтереді.

Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

- Орталық Қазақстан мен Солтүстік Қазақстандағы бензинмен толықтай қамтамасыз ету көлемі қалпына келтіріледі. Бұған дейін де басқа зауыттар арқылы оның бәрі жұмыс бабында қадағалауда болған. Өткенде пайда болған мәселелердің бәрі шешіледі. Ол енді Абай облысында, Алакөлдің маңайында, ол жақта кішкентай ауылдар болғаннан кейін заправканың қабылдау көлемі де кішкентай. Соның бәрі ескерілмегеннің арқасында сол жерде біраз сұрақтар пайда болған болатын.