Атырау мұнай зауыты жұмысын бастайды

Атырау мұнай зауыты жұмысын бастайды

Атырау мұнай өңдеу зауыты шикізатты өңдеуді қайта бастайды.

Қазір зауытта іске қосу-реттеу шаралары жалғасып, технологиялық нысандардың жұмысын кезең-кезеңімен қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Зауыттағы апаттық жағдайға байланысты өңірге арнайы барған «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев кәсіпорынның жұмысын қалпына келтіру шараларымен танысты. Ол өндіріс орыны басшылығына қысқа мерзімде іске қосу жұмыстарын аяқтап, тұтынушыларға қордан мұнай өнімдерін жөнелтуді жалғастыруды тапсырды. Қазір Атырау мұнай өңдеу зауытында электрмен жабдықтау қалпына келтірілді. Шикізатты өңдеуді бастау бүгін кешке жоспарланған.

Мұрат Досмұратов, зауыттың бас директоры:

- Зауыт жұмысын қалпына келтіруге тәулік бойы 250-ге жуық жұмысшы тартылды. Қазір бізде 26 мың тонна бензин, 22 мың тонна дизель отыны, төрт мың тонна керосин бар. Бензин мен дизель отынын тұтынушыларға жеткізу 5-6 күнге, керосин бір аптаға жетеді.