Бағаны қалай бағындыруға болады?

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы әлі де реттеліп жатыр. Әділ баға саясатына қатысты тыңғылықты жұмысқа делдалдар мен алыпсатарлардың әрекеті кедергі келтіруде. Қалтаны қаққан қымбатшылық тапқан табысты үнемдеуге де жетпейді, дейді тұрғындар.

Түйткілді қалай шешу керек. Бағаны бағындырып, отандық өнімді сыртқа шығаруға шектеу салсақ қаншалықты ұтамыз. Бұл жөнінде экономист мамандар не дейді? 

Сұйық май 1240 теңге, қарақұмық 890 теңге, тауық еті 1700 тг, нан 256 теңге, ұн бағасы 1 мың, сүт 700. Шамамен 7 мың теңгеге жуықтайды. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 1,5 есеге қымбат.

6-7 мың теңгенің азық-түлігін жалғыз адам 1-2 аптаға жеткізер, бірақ көпбалалы отбасылар не істемек? Тапқан табысымыз тамақ пен ай сайынғы несие төлемінен ауыспайды (артылмайды) дейді елордалықтар.

БЛИЦ:

- Иә, қымбаттады. Оны бәрі біледі. Нормально әсер етіп жатыр. Бәрі жұмысқа байланысты.

- Сұйықмай өсіп кетті. 5 мың тг. Күріш те, қант. Әлі қымбат.

- Май, ұн, картоп, пияз, ет. Сол ғой адамның ең жейтін нәрсесі. 

Күнбағыс майы бір жыл ішінде 12 процентке қымбаттады. Жылқы еті 17 процентке өсті. Ұнның құны 37 проценттен асты. Қант бағасының өсімі 87 процент. Сары май өндірісі азайып, оған да сұраныс артқан. Бағасы бір жыл ішінде 15 процентке жоғарылапты.

Андрей Чеботарев, экономист:

- Үкімет баға саясатын реттей алмайды. Өйткені біз жаһандық экономикаға тәуелдіміз. Отандық тауарды сыртқа сатуды ғана шектей алады. Бірақ мұндай жағдайда жергілікті кәсіпкерлердің құқығын бұзамыз. Олар экспорттық нарықтан айырылады. Тек жалақыны өсіріп қана амалдауға болады. Кейбір тауар түрлері қант сияқты тапшы болса таң қалмаймын. Менің ойымша биыл жылдық инфляция көлемі 25-30 процентті құрауы мүмкін.

Ал Сауда және интеграция министрлігі жағдай қатаң бақылауда дейді. Тіпті кейбір көкөніс өнімдерінің бағасы біршама түскенді айтады. 

Әлішер Өмірзақ, ҚР Сауда және интеграция министрлігінің ресми өкілі:

- Өткен аптада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының құны 0,2 процентке өсті. Түтік кеспе 2,1 процентке, күріш, күнбағыс майы, тұз 1,3-ке және ұн, сүзбе, қант 0,6 процентке өскен. Көкөніс өнімдерінің ішінде пияз 4,6%-ке, картоп 1,8%-ке, қырыққабат 1,7% және сәбіз 1,5%-ке арзандады.

Иә, ел үкіметі әлеуметтік маңызы бар өнімнің бағасын үнемі назарда ұстауға тырысып келеді. Мәселен, соңғы уақытта 3 мыңға жуық нысанда мыңнан астам рейд жүргізілген. Еліміздің бірқатар өңірінде 80 заңбұзушылық анықталды. Нақтырақ айтар болсақ, макарон өнімдері, пияз бен қырыққабат бағасы негізсіз көтерілген болып шықты. Ұн, сәбіз және қарақұмық жармасы мен картоп да қымбат. Елорда мен Алматыда тауық жұмыртқасының бағасы белгіленген мөлшерден 30% жоғары саудаланған. 

Мирлан Алтынбек, Диас Қовланбаев, Дархан Әлібек