Еліміздің шетелмен сауда айналымының 20%-ін Қытайдың үлесі құрайды

Қытай соңғы 2 жылда Қазақстанның басты сауда серіктесіне айналды. Еліміздің шетелмен жалпы сауда айналымының 20 процентін осы елдің үлесі құрайды. Қаңтар айында қос мемлекет арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 30 жыл толды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай басшысын Бейжіңдегі Қысқы Олимпиаданың ашылу салтанатына қатысқан кезде Қазақстанға шақырған болатын. 

Си Цзиньпиннің бұл сапары бірінші кезекте екі елдің дипломатиялық қарым-қатынас орнатқанына 30 жыл толуымен сәйкес келуде. Осы аралықта көрші мемлекеттер арасында берік ынтымақтастық қалыптасқан. Қазір екіжақты сауда көлемі 20 процентке артып, 17,7 млрд долларға жеткен. Сан салада бірлескен жобалар да бар. Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан қос мемлекеттің әлі де бірігіп атқарар істері көп. 

Ли Цзыго, Қытай халықаралық мәселелер академиясы еуразия институтының директоры:

- Биыл жаһанда және Еуразия аймағында түрлі оқиғалар болды. Қытай мен Қазақстан жаңа сын-қатерлерге қарсы тұру үшін стратегиялық тұрғыдан бірлесіп әрекет етуі қажет. Қазіргі сапар осы бағыттағы әріптестікті нығайтып, халықаралық және аймақтық мәселелерді кеңінен талқылауға мүмкіндік береді. Екіжақты ынтымақтастықты күшейтіп, аймақтық тұрақтылықты сақтауға көмектеседі.

Қазіргі геосаяси ахуал күрделі кезеңде аймақтағы қауіпсіздік мәселесі бірінші орынға қойылуда. Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы шақыртуымен Қазақстанға ат басын бұрған Қытай басшысы осы мәселені де талқылады. Нақтырақ айтқанда, екі елдің құқық қорғау органдары, арнайы қызметтерінің әріптестік аясын кеңейту жоспарланып отыр. Бұл жайында Си Цзиньпин сапар алдында «Қытай-Қазақстан қарым-қатынасының дәстүрін жалғастырып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашыңыз» атты мақаласында жазды.

«Біріншіден, тату көршілік пен достықтың бағытын ұдайы ұстану маңызды. Саяси өзара сенімнің жоғары деңгейі екіжақты қатынастардың тұрақты және серпінді дамуының кепілі болып табылады. Осыған байланысты біз стратегиялық тұрғыдан қазақстандық достарымызбен және ұзақ мерзімді перспективалар тұрғысынан жоғары деңгейлерде тығыз байланыстарды қолдауға, үкіметтер, заң шығарушы органдар, партиялар мен өңірлер желісі бойынша алмасулар мен ынтымақтастықты жандандыруға, үкімет басшыларының тұрақты кездесулері, үкіметаралық кездесулер сияқты тетіктердің әлеуетін ашуға сүйене отырып, екіжақты қатынастарды жүйелі түрде жоспарлауға дайынбыз».

Си Цзиньпин, Қытай Халық Республикасының Төрағасы

Айта кету керек, Си Цзиньпин елімізге осымен 4-мәрте келіп отыр. Әлемдік БАҚ-тың пайымдауынша, бейбітсүйгіш Қазақстан жарты ғасыр араз Рим мен Қытайды татуластыруы да бек мүмкін. Себебі көрші ел басшысы Қазақстанға келген сәтте Рим папасы Франциск те осында болды. 

Риат Шони, Ботагөз Сырғабаева