«KTZE-Khorgos Gateway» құрғақ портының қуаты екі есе артты

Еліміздің транзиттік әлеуетін арттыру кезең-кезеңмен жүзеге асып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазақстан – Қытай мен Еуропаны байланыстыратын негізгі дәліз. Осы салада орны орасан «KTZE-Khorgos Gateway» құрғақ портының қуаты бүгін екі есеге артты. Енді құрғақ порт тәулігіне 20 жүк пойызын қабылдай алады. Бұл мүмкіндік транзиттік тауарларды жылдам қабылдап, қызмет көрсету уақытын қысқартады. Қытайдан келген кезекті жүк пойызы бұл жолы жаңа терминалдың жаңа жолына тоқтады. Мұнда қызметкерлер 50 контейнерді 35 минутта түсірді. Сонымен қатар«KTZE-Khorgos Gateway» құрғақ порты осыған дейін тәулігіне 10 жүк пойызын қабылдаса, бүгіннен бұл көрсеткіш 20 пойызға дейін артты. Нәтижесінде құрғақ порт еліміздің транзиттік әлеуетін арттыруға зор мүмкіндік береді.

Мадияр Омаров, «KTZE-Khorgos Gateway» құрғақ порты директорының орынбасары:

– Осыған дейін бір контейнерлік пойызын 55 немесе 60 минуттың ішінде тиеп, түсіретін болсақ, қазір мына екі жолдың көмегімен біз ол уақытты 35 минутқа дейін қысқарттық. 2021 жылы 273 мың дфэ яғни, контейнер түсіріп тиедік. Биыл 300 мыңнан асырсақ деген жоспар қойып отырмыз.

KTZE-Khorgos Gateway құрғақ портының қуаты жыл сайын 25 пайызға артып, жоспар бойынша жылдық көлемі 540 мың контейнерге дейін жетпек.

Айта кетейік, жаңа терминалдың арқасында 30 жаңа жұмыс орны ашылған.

Ерлан Қойшыбаев, «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасының логистика жөніндегі басқарушы директоры:

– Қолданыстағы дамыған инфрақұрылым мен логистикалық мүмкіндіктердің болуы еліміздің оңтүстіктегі құғақ порттардан батыстағы теңіз порттарына дейін терминалдық желіні пайдалана отырып, логистикалық қызметтердің кең спекторын ұсынуға ықпал етуде.

Аумағы 102 гектарлық Орталық Азиядағы ірі құрғақ порт – Шығыс пен Батысты байланыстыратын дәліз. Яғни Қытай, Еуроодақ елдері, Орталық Азия, Парсы шығанағы және Каспий жағалауындағы елдерге апаратын тіке жол.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Нұрдәулет Жақсыбаев