Ұлттық банк: жылдық инфляция 17,7%-ке жетті

Ең жоғары көрсеткіш наурыз айында болған еді. Бұл жөнінде бүгін Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов мәлімдеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соңғы кезде азық-түліктің де бағасы өсті. Әсіресе нанның құны 12%-ке дейін қымбаттаған. Оның себебін бүгін ауыл шаруашылығы министрі түсіндірді. Қымбатшылық қыспаққа алды. Елде азық-түлік пен өзге де тауарлардың бағасы өсіп, инфляция деңгейі артқан. Ұлттық банктің мәліметінше, қазір 18% шамасында. Ал халықаралық валюта қоры Қазақстандағы инфляцияның ең жоғарғы шегі келер жылдың басында 17 процент болады деп болжаған еді.

Әлеуметтік маңыз бар тауарға келер болсақ, соңғы кезде нанның құны қымбаттағаны қатты сезілді. Қазанның 4-нен бастап, елде ас атасының бағасы 11,9 процентке өскен.

Ербол Қарашөкеев, ҚР ауыл шаруашылығы министрі:

– Нанның қымбаттауына бірнеше себеп болуы мүмкін. Электр энергиясы, коммуналдық қызметтерінің бағасы өсіп жатыр. Сондықтан да жалпы бағаның артуы бар. Біз оны байқап отырмыз. Қаңтардан бастап бағаны тұрақтандыру үшін қажет барлық шараны қабылдаймыз. Жалпы бағаның күрт көтерілуіне негіз жоқ. Өйткені ұн өткен жылмен салыстырғанда молынан өндіріліп жатыр. Тұрақтандыру қорына биыл 1,1 млн тонна астық жинауды жоспарлап отырмыз. Оның 900 мың тоннасы бидай болады.

ПӘТЕР ЖАЛДАУ НАРЫҒЫН РЕТТЕУ

Бағаның өсімі соңғы 2 айда пәтер жалдау нарығында да байқалған. «Бұл жаңа оқу жылының басталуы мен көрші елден мигранттардың ағылуы себебінен туындады» – дейді Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов. Енді Үкімет нарықты бақылау механизмін қолға алмақ жоспарда.

Қайырбек Өскенбаев, ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:

Жаңа механизмнен түсетін пайда шамамен 9% болады. Бірақ мұны әлі ешбір мемлекеттік органмен мақұлдаған жоқпыз. Бұл тек біздің министрліктің көзқарасы ғана. Яғни жеке жалдау қорын құрып, сол арқылы пәтер бар адамдар оны өзгелеріне бере алу мүмкіндігін жасау. Кейін баспана иесі жөндеу жұмысын жасау керек, жалдап тұратын азаматтарды табу керек деп бас қатырмайды. Ол үшін басқа адамдар барлық істі тындырады.

Нарықты ретке келтіретін механизм керек екені белгілі. Себебі жыл сайын баспана салу қарқыны өсіп келеді. Демек жаңа пәтер сатып алатындардың да қатары артуда. Кей азаматтардың екінші не үшінші баспана алып, жалға беретіндігі де анық.

10,5 МЛН² ТҰРҒЫН ҮЙ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Әлібек Қуантыров, ҚР ұлттық экономика министрі:

– Ағымдағы жылғы қаңтар-қырқүйекте 10,5 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңінен 0,9 %-ке артық. Оң өсу 15 өңір бойынша тіркелді. Ең жоғары көрсеткіштер Түркістан, Жетісу, Алматы облыстарында және Шымкент қаласында байқалуда. Көрсеткіштің төмендеуі Ұлытау, Маңғыстау, Абай, Атырау облыстарында, сондай-ақ Астана қаласында байқалуда.

9 АЙДА ЕЛ ЭКОНОМИКАСЫ 2,8% ӨСТІ

Жалпы биыл 9 ай ішінде ел экономикасының өсу қарқыны 2,8%-ке жеткен екен. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш артады деп күтіледі. Өйткені шетелдік танымал компаниялар Қазақстанда өз өндірістерін ашпақ.

Авторлары: Риат Шони, Нұрғали Мамырбаев