Базалық мөлшерлеме биыл бесінші рет көтерілді

Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені 16%-ке дейін көтерді.

Оған түрткі болған бірнеше фактор бар, соның ең негізгісі – ішкі және сыртқы инфляцияның күшеюі. Бағаның өсу қарқыны тамыз айында жасалған болжамнан едәуір жоғары болды. Бұдан инфляцияның тұрақты өсіп келе жатқанын байқауға болады деген Ұлттық банк төрағасы бағаны тұрақтандыру үшін ақша-кредит талаптарын күшейту қажет болғанын айтады.

Елде азық-түлік бағасы шарықтап барады. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен қызмет құны да қарқынды өскен. Осылайша айлық инфляция 19,7%-ке, жылдық көрсеткіш 17,7 процентке жетті. Ғалымжан Пірматовтың айтуынша, базалық мөлшерлемені көтерудегі мақсат – бағаның өсуін орта мерзімде тұрақтандыру. 

Ғалымжан Пірматов, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы:

- Қыркүйек айындағы инфляция әрине сыртқы шоктарға байланысты болды. Сыртқы шоктар әрине қысқаша мерзімді. Алайда біздің инфляциялық күтулерге зор әсерін тигізіп отыр. Және де базалық инфляция да қатты өсіп келе жатыр. Сондықтан да осындай шешім қабылдап отырмыз.

Орталық банк басшысының айтуынша, ақша-кредит талаптарын күшейту шаралары бағаны тұрақтандыру үшін қолға алынып отыр. Себебі, сыртқы сектордағы жағдайды бір жақты болжау қиын. Әлемдегі тұтынушылық инфляция әлі де жоғары. Қысым тәуекелін азайту үшін базалық мөлшерлемені арттыру маңызды болды.

Ғалымжан Пірматов, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы:

- Біз өзіміздің базалық мөлшерлемемен қысқа мерзімді теңгенің құнын реттеп отырамыз. Егер біздің экономиканы кредиттеу ақпараттарына көңіл бөлсеңіздер жылдың басынан бері базалық мөлшерлемені көтеріп келе жатырмыз. Алайда жеке тұлғаларға берілетін несиелердің орташа пайызы сол күйінде қалып отыр. Өйткені олар бұрын да базалық мөлшерлемеден әлдеқайда жоғары болып қалыптасқан. 

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені биылға бесінші рет көтеріп отыр. Кезекті шешім желтоқсанның 5-інде жарияланады. 

Мерей Мұратханқызы, Артур Горшников