Жамбылдық диқандар жиын-терім науқанын жоғары көрсеткішпен аяқтады

Шаруалар миллион тоннадан астам пияз жинап, рекорд орнатты.

Сонымен қатар қант қызылшасының әр гектарынан 700 центнерге дейін өнім алған. Бүгінде алқаптағы дақылдың барлығы жиналды. Тек қызылшаның бір бөлігі ғана қалған.

Жамбыл облысында еліміздегі пияздың 75 пайызы өсіріледі. Ал, бұл көкөністің егіс көлемі соңғы 5 жылда 10 мың гектарға артып отыр. Өңірдегі шаруалар биыл 25 мың гектарға пияз екті. Жиналған өнімнің жалпы көлемі - 1 миллион 153 мың тонна. Бұл, ел тұрғындарының қажеттілігін толығымен қамтамасыз етеді. Артылғаны  Ресей, Ауғанстан, Түркіменстан мен Өзбекстан, Пәкістан сынды мемлекеттерге экспортталады.

Ербол Жиенқұлов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- 25 мың гектардың 90 пайызы тамшылатып суғару әдісімен қолданылады. Осы тамшылатып суғару әдісімен біздегі шаруалардың ең жоғарғы өнім алғаны, 1 гектардан 150 тоннаға дейін. Биылғы жылдың рекордтық урожайын жасап жатыр. Тамшылатудың біріншіден суды өте үнемдейді. Екіншіден дәл өзінің дер кезінде және минералды тыңайтқыштардың бәрін сол су арқылы берудің арқасында осындай нәтижеге қол жеткізіп отырмыз. 

Жауын-шашынның жеткілікті болуы қант қызылшасын еккен шаруаларға пайдасын тигізді. 5500 гектар жерге қызылша салған шаруалар, шамамен 150 мың тонна өнім алады. Бүгінде алқаптың 70 пайызы жиналған. 88 мың тонна тәтті түбір Меркі қант зауытына өткізілді. Жалпы қант қызылшасының 1 келісіне 30 тг субсидия беріледі. Бұл көмек өңір шаруаларын қызықтырып отыр. Мәселен Осман Зұлыфоғлы 30 жылдан бері егін салып, нәсібін тауып жүрген шаруа. Соңғы 4 жылдан бері қант қызылшасын өсіріп келеді. Биыл 20 гектардан 1500 тонна өнім алуды жоспарлап отыр. Гектарынан 700 центнерге дейін қызылша алған диқан, келер жылы егісін кеңейтуді көздеп отыр. 

Осман Зұлыфоғлы, шаруа қожалығының басшысы:

- Техника жетіп жатыр, комбайн нормально. Кішкене ауа-райы жібермей тұр. Но болып жатыр. Түнімен істеп жатырмыз. 15-ін жинадық, енді 5-6 гетар қалды. Бүгін бітіреміз құдай қаласа. Тұқымды СПК Тараз беріп жатыр. Қарызға беріп жатыр. Кейін субсидия алғанда ақшасын төлеп жатырмыз.

Аймақтағы ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған қаржы көлемі жыл санап артып келеді. Биыл бюджеттен осы мақсатқа 31 млрд 240 млн тг бөлінген. Облыс билігі ауладан кәсіп ашам деген ауылдықтарға да көңіл бөліп отыр. Бүгінде 525 млн теңге көлеміндегі жеңілдетілген несие берілді.  Нәтижесінде 197 тұрғын ауыл шаруашылығы бағытындағы кәсібін ашқан.

Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә