«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ IPO-ға шығады

9 қарашадан бері акция алушылардан өтініш қабылданып жатыр,  деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазақстандық мұнай-газ саласындағы көшбасшы ұйымға акционер болу тиімді ме? Қарапайым азаматтар үшін қандай мүмкіндіктер ашылмақ?

8 406 теңге төлеп, «ҚазМұнайГаз» компаниясының акциясын сатып алуға болады. Қазір қазақстандықтардан өтініш қабылданып жатыр. Ұлттық компания жергілікті қор нарығына 30,5 млн құнды қағазын орнатпақ. Бұл жалпы акциялардың 5% тең. Астаналықтар мүмкіндікті пайдаланып жатыр ма?

Иә, акцияларды сатып алу-алмау әр азаматтың еркінде. Қолыңызда артық ақша болмаса, қарызға алып, акционер болуға асықпаңыз. Трейдерлік біліміңіз жоқ болса, сатып алған акцияны қайта сатуға мүлде болмайды. Ұтылуыңыз мүмкін. Акцияның арзандауына мұнай бағасының төмендеуі, өндірістің баяулауы, тасымалдағы кедергілер, геосаяси жағдай да әсер ететінін ұмытпаған абзал.

Андрей Чеботарев, қаржылық сарапшы:

- Өзім IPO-ға қатысам. Мені кірістіліктен гөрі, «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясының акционері деген мәртебе қызықтырады. Бұл бастаманы бұрыннан күтіп жүрміз ғой. Қазіргі валюта бағамына шаққанда, акциялар 18 доллар шамасында. Менің балаларым өскенше, ол қымбаттайды деп үміттенемін. Кейін олар нарықтық бағада сата алады. Бірақ, қазірден байып кетем деп ойлау қателік.

IPO Қазақстан қор биржасы мен AIХ алаңында өтеді. Оған қатысу үшін брокерлік шот ашасыз немесе «Табыс» қосымшасын жүктеп алыңыз. Брокермен Қазпошта арқылы да байланысуға болады. Әрине, акцияны отандық жеке инвесторларға сатуға басымдық беріледі. Бірақ шетелдіктерге де үміткер болуға мүмкіндік бар.

Андрей Чеботарев, қаржылық сарапшы:

- Мемлекеттік тәуекел деген түсінік бар. Біз анау айтқандай дамып жатқан нарық емеспіз, сондықтан шетелдіктер біздің компанияға инвестиция салуға асықпайды деп ойлаймын. Жыл басында біздегі ең ірі компаниялардың акциялары 15-тен 50% дейін құлдырап кеткені белгілі. Әлі қалпына келген жоқ. Мысалы, «Қазмұнайгаз» компаниясының кірістілігіне Каспий құбыры консорциумының ролі орасан. Біз мұнайды осы Ресей аумағы арқылы тасымалдаймыз. Оның жайдайы түсініксіз.

Жеке инвесторлардың алып компанияға акционер болуға асығуы заңды. Бірақ дивидентті уақытылы төлемей жатқан жағдайлар көптің көңілін күпті етеді. Осы ретте сарапшылар әлеуметтік жобаларға қатысатын компанияларға мемлекетке таза кірісті ғана беріп, оны жүзеге асыруға араласпауға кеңес береді.

Марат Диқанбаев, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Қаржылық департамент директоры:

- Біз жылына ең кемі 200-250 млрд теңге төлеуге ниеттіміз. Бұл үшін мұнай баррелі 70 доллардан түспеу керек. Баға төмендесе, біз төленетін дивиденттің компанияға кесірі тимейтіндей етіп қарастырамыз. Бірақ акция кірістілігіне дивиденттен бөлек, акция бағасының өсуі де әсер ететінін ұмытпау керек.

Halyk Finance сарапшыларының есебінше, алдағы уақытта компания табысы жыл сайын 3 млрд доллардан асады. Ал акциялар 30-50% өсуі мүмкін. Яғни әр инвесторға жылына 2,5 мың мен 4,5 мың теңге аралығында кіріс түсуі ықтимал. 8 желтоқсаннан бастап құнды қағаз айналымға шығады. Жеке инвестор оның бірнешеуін сатып ала алады. Бастапқы баға 8 406 теңге. Кейін акцияны нарық белгілеген құнға сатуға болады. Еске салайын, IPO-ға қатысу үшін кәнігі ойыншылар 30 қарашаға дейін, жеке инвесторлар 2 желтоқсанға дейін өтініш қалдыра алады.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Артур Горшников