Астыртын арақ өндірісі тыйылмай тұр

Елімізде заңсыз ішімдік шығаратындар көбейіп барады.

Шымкент, Түркістан, Алматы қалаларында заңсыз арақ шығаратын 40 цех жабылды.

Ал мамандар алкогольдің адам өміріне қауіп төндіретінін айтады.

Елдегі астыртын арақ өндірісі жаға ұстатарлық. Бұған дәлел де жоқ емес. Күні кеше ғана Қостанай мен Солтүстік Қазақстан облыстарында мың жарым литрге жуық спирттік өнім  айналымнан шығарылды. Жасырын цехтардан тәркіленген ішімдіктер арнайы полигонда жойылды. Контрафактілі қойма Петропавл қаласында да анықталды. Бұл жерден  740 литр спирт, 50 литр коньяк құйылған ыдыс табылды. Ал алкоголь қауымдастығының басшысы бұл тұста шағын дүкендер мен қаладан шеткері базарларды тексеру қажет, дейді. Айтуынша, шалғайдағы өңірлерді қойып, Астананың өзінде пластик құтыға құйылған арақ саудаланып жатыр. 

Әміржан Қалиев, "Казалкотабак" қауымдастығының президенті:

- Біз ұсақ магазиндерде көлеңкедегі арақтың пластик бөтелкеге құйылған түрін таптық. Осы Астанада 3 нүкте табылды. Біз ол туралы үкіметтің тексеру органдарына хабарладық. Арақтың өзінің зиянын білеміз. Құрамындағы спирт пластикаға құйылғанда реакцияға түсіп улы зат шығарыды. Адам одан уланып қалу мүмкін. Сондықтан біз осымен күресуге атсалысып жатырмыз.  

Ал арзан деп сапасына бас қатырмайтындар ауруға душар болады, дейді, иммунологтар.  Тіпті жасанды ішімдік өлімге әкеп соғуы мүмкін. 

Рафаил Розенсон, иммунолог:

- Жалпы ішімдіктің өзі адам денсаулығына кері әсер ететінін айтып жүрміз. Алайда, қазір нарықта оның түр-түрі бар. Ал, сапасына көпшілігі бас қатырмайды. Астыртын ішімдік жасаушылар  алкогольді алмастырғыштардың басқа түрін қолдануы мүмкін. Мысалы, метил спирті этил спиртіне ұқсағанымен өте қауіпті. Оның аз мөлшерінің өзі адамды көз жанарынан айырады. Ал мөлшері артып кетсе, өлімге душар етеді.  

Ал санитарлық бақылау саласының мамандары өнім сапасын тексеріп отыратынын айтады. Биыл 1 мың 100-ден астам алкогол өнімдеріне зерттеу жүргізген. Осы өнімнің 3 проценті күмән туғызған. Себебі таңбалануында нақтылық жоқ. Демек, құрамы күмәнді. 

Қарлығаш Әбдішева қалалық техникалық регламенттер талаптарын бақылау бөлімінің басшысы:

- Әрбір тұтынушы алькогольдік өнімді бірінші таңбалануына, этикеткасына қарау керек. Ол өнім қайда шықты, өндіруші атауы, мекен-жайы, сақталу мерзімі құрамы бәрі болу керек. Толық ақпарат болмаса, шет тілінде жазылған немесе мемлекеттік аудармасы болмаса бұл бұзушылық болып табылады. Болмаған жағдайда сауда орнынан өнімднің қауіпсіздігі туралы құжатын сұрау керек. 

Астыртын арақ өндірісі жойылмай қауіп сейілмейді. Бұл бір жағынан, алкогольдің заңды нарығын тығырыққа тірейді, дейді мамандар.

Айнұр Қуатқызы, Арман Ақшабаев