Алматы облысында 8 мыңнан астам жұмыс орыны ашылады

Алматы облысының әкімдігі ұйымдастырған Туған жерге тағзым аймақтық форум барысында құны 819 миллиард теңге болатын 40 меморандумға қол қойылды.

Соның арқасында облыста 8 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Өңірде көмір, уран мен алтын өндірісін дамытып, кір жуғыш машина мен теледидар жасауға да мүмкіндік бар дейді сарапшылар.

Алматы облысында сауда-саттық, экономика, мәдениет, туризм саласында көп жобаны жүзеге асыруға болады. Мына көрме соның дәлелі. Кәсіпкерлердің бірі ауыл шаруашылық өнімдерін әкелсе, енді бірі медициналық бұйымдар мен құрылыс материалдарын көпшілік назарына ұсынған. Өндірістің дамуына бұдан да жоғары қарқын беру үшін шетелдік және отандық инвесторларға қолайлы жағдай жасау жалғаса береді.   

Марат Сұлтанғазиев, Алматы облысының әкімі:

- Жер бөліп біз 4 индустриалды аумақ қазір дайындап жатырмыз. Екеуі жұмыс бастап кетті. Екеуін елесі жылы іске асырамыз. Әрине оның жанында жол да, темір жол да, кейіннен магистральдық газ құбырлары соның бәрі міндетті болу керек. Индустриалды аймақтарға көп көңіл бөліп отырмыз.

Тілші: Меморандумға қол қойғандардың бірі - Ұлттық тау-кен ғылымдары академиясы. Академия өңірдегі көмір, уран мен алтын қорын зерттеп, тау-кен саласы бойынша бағдарлама әзірлейді. Сондай-ақ тұрмыстық техника жасайтын заводтпен құны 25 млрд теңгенің меморандумы бекітілді. Завод басшылығы өндірісті ұлғайтсақ дейді. Енді кәсіпкерге индустриалды аймақтан 60 гектар жер берілетін болды. 

Абдулқасым Сойыркас, завод директоры:

- Қазір біз 20 мың квадратқа сыймай жатырмыз. 12 гектар 20 мың квадрат. Ендігі завод ол жақта кіржуғыш машинка, тоңазытқыш, лэд теледидарлар, суытқыштар, кондиционер және де металдан өндірілетін көптеген үй тұрмыстық заттар.

Трансконтинентальдық дәліз жолында тұрған Алматы облысы халықаралық логистикалық хабқа айналуды мақсат тұтады. Бұдан өзге технологиялық парктер мен кәсіпкерлікті дамыту орталықтарын ашу жоспарланып отыр. Жаңадан құрылатын Арнайы экономикалық аймақ та өңірдің әлеуетін арттыра түспек.   

Ұлан Нарынбек, Радик Жакупов