Қазалыдан шығатын сабынға жан-жақтан сұраныс көбейді

Қызылорда облысының Қазалы ауданында кәсіпкерліктің көкжиегі кеңейіп келеді.

Тек биылдың өзінде 400-ден астам адам жаңадан бизнестің көзін тапқан. Осылайша шағын және орта кәсіпкерлікке білек түре кіріскендердің саны 6 мыңға жуықтап отыр. Солардың бірі -  жуырда ғана ашылған сабын шығаратын шағын цехтың өінімі бүгінде облыс нарығынан бөлек, көршілес аймақтарға да сатыла бастаған.  

Бұл цех тәулігіне 2 жарым мың дана сабын шығаруға қауқарлы. Табиғи таза өнімге соңғы уақыттары сұраныс та артқан. Тіпті облыс аудандарынан бөлек Орал, Атырау, Ақтөбе қалаларынан да тапсырыстар түсе бастаған. Цехта 3 адам тұрақты жұмыс істейді. Олар сабынның сапасы мен салмағына қарай бірнеше өнім түрін дайындайды.

Руслан Бөлекбаев, кәсіпкер:

- Сабынның осы уақытта 200 грамм, 220 грамм, 250 грамм, 300, 350,400 граммға дейін сабын шығарып жатырмын. 65, 72, 92 пайыздық қара сабындар, баяғы әжеміздің қара сабындары.

Руслан Бөлекбаев алдағы уақытта өндіріс аясын кеңейтіп, гигиеналық өнімдердің басқа да түрін шығаруды жоспарлап отыр.

Қазалының тағы бір тұрғыны 4 миллион теңге жеңіл пайызды несиеге темір-бетон өнімдерін шығаратын цех ашып, 3 адамды жұмыспен қамтыған. Жалпы аудан бойынша осындай түрлі жобаларға 3 жарым милиард теңгеден астам қаржылай қолдау жасалған.

Нұрлан Жақыпбеков, Айтмұхамбет Байділдаев