«ҚазМұнайГаз» компаниясының тәуекел рейтингі жаңарды

«Sustainalytics» агенттігі Қазмұнайгаз ұлттық компаниясының тәуекел рейтингін жаңартты.

Сарапшылар барлығы 270 мұнай-газ компаниясының жұмысын бағалаған. Халықаралық деңгейде жүргізілген зерттеулерден кейін, «Қазмұнайгазға» 28,4 ұпай берілді ол тәуекелдің орташа деңгейі болып саналады. Осылайша кәсіпорын үздік 20 компанияның қатарына кірді.

ESG тәуекел рейтингі әлемдегі ірі мұнай-газ және басқа да компанияларының беделі мен тұрақтылығын айқындайды деуге болады. Мұнда сарапшылар кәсіпорындардың экологиялық, әлеуметтік және корпоративтік басқару көрсеткіштерін сараптайды. Әлгі агенттіктің жоғары бағасына ие болу үшін кәсіпті дөңгелетіп ғана қоймай, айналаға пайдаңды тигізіп, қоршаған ортаға қайраласу керек. Бұл жағынан отандық компанияның рейтиінгі тәуекелдің орташа деңгейіне сәйкес келеді. 

Айша Төребаева, «ҚАЗМҰНАЙГАЗ» ҰК АҚ департамент директоры:

- Біз мұндай дәрежеге лайық екенімізді ары қарай да дәлелдеп, компанияның дамуына бар күшімізді саламыз. Біз өндіріс, өңдеу сынды кәсіби қызметімізден бөлек, қоршаған ортаны жақсартуға, әлеуметтік салаға серпіліс беруді де қолға алдық.

Қазақстан 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына жетуді мақсат етіп отыр. Осыған орай, «Қазмұнайгаз» компаниясы да қоршаған ортаны улы заттардан тазартуға атсалысуды көздейді. Тіпті арнайы бағдарламаны да әзірлеп, мақұлдап қойды.

Айша Төребаева, «ҚАЗМҰНАЙГАЗ» ҰК АҚ департамент директоры:

- 2031 жылға қарай СО2  көміртегін төгуді 15 пайызға азайтамыз. Бұған бізде үлкен мүмкіндік бар. Зауыттарымызда энергия тиімділігін арттыру бойынша іс-шаралар жоспарын бекітіп қойдық. Компанияның көрсеткіштеріне айтарлықтай әсер ететін қосымша декорбонизация жобалары бар.

Жалпы бұл көрсеткіш ең алдымен сырттан инвесторларды тартуға мүмкіндік береді. Отандық компанияның әлем алдындағы беделін арттырады. Сонымен қатар үлкен мақсаттарға қол жеткізуге жол ашады.

Бекзат Аманов, Ақылбек Есімсейітов