Өзбекстанда «Tenge Bank» активтері ұлғайды

Қазақстан халық банкінің еншілес «Tenge Bank» ұйымы бір жылда активтерін 1 трлн сомға ұлғайтты.

Долларлық мәнде көрсеткіш 400 миллионға жуықтады. Бұл жайында Самарқандта жергілікті журналистермен кездескен «Halyk Group» басшысы Үміт Шаяхметова мәлімдеді. Орталық Азияда ең ірі клиенттік базаға ие қаржы ұйымы Өзбекстанның 9 аймағында жұмыс істейді. Банктің мобильді қосымшасы 300 мың мәрте жүктелген. Онда онлайн сауда жасап, мемлекеттік қызмет алуға да жағдай жасалып жатыр.

 «Tenge bank» филиалдары Өзбекстан халқының 70 проценті қоныстанқан 9 аймақта бар. Ұзын-саны 18 бөлімше корпоративтік және бөлшек нарықта қызмет көрсетеді. Былтыр елдегі ұлттық байқаулардың бірінде «ең үздік шетелдік банк» аталымы бойынша жеңіске жеткен. Көршімізде «Halyk group»-тың «Қазтелепорт» компаниясы да ашылған. Биыл тағы бір еншілес «Halykfinservice» жұмысын бастамақ.

Үміт Шаяхметова, «Halyk Bank» АҚ басқарма төрағасы:

- Өзбекстан - біз үшін маңызды нарықтардың бірі. Орталық Азияда стратегиялық тұрғыда дамуымыз үшін аса қажет болып тұр. Осы уақытқа дейін елге 500 млн доллардан астам қаражатты инвестицияладық. Соның 100 миллионы «Tenge bank»-тің тікелей капиталына құйылды. Қалғаны Өзбекстанның ірі жобаларын «Халық банк» арқылы қаржыландыруға жұмсалды.

Банк заманауи цифрлық технологияларды енгізу мен қызметтерді автоматтандыруға ерекше көңіл бөледі. Осы мақсатта іске қосылған мобильді қосымша ел нарығында 300 мың мәрте жүктелген.

Талғат Аюпов «Tenge Bank» АҚ басқарма төрағасы:

- «Tenge 24» мобильді қосымшасы банктің қызметтің барлық түрін онлайн негізде ұсынады. Транзакция жасаудан бөлек, онлайн несие де беріледі. Қажетті функциялар көбейіп келеді. Биыл «GovTech» енгізуді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, бөліп төлеу шартымен тауар алу мүмкіндігін ұсыну мен арнайы маркетплейс ашу да ойымызда бар.

 «Tenge bank» – Өзбекстанда 2019 жылы ашылған алғашқы қазақстандық қаржы ұйымы. Аз уақытта тұтынушылар базасын кеңейтіп үлгерді. Алдағы уақытта Halyk груп бизнесті одан әрі дамытып, өзбекстандық компанияларды тікелей несиелендіру ісін жалғастыра бермек.