Елімізде сұйық отын өндірісі ұлғайды

Биыл алғашқы 3 айда бензин, дизель отыны және сұйытылған газ өндірісі жоспардан асты. Бұл туралы Үкіметте өткен кеңесте Энергетика министрі Болат Ақшолақов мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, дизель отынының қоры 1 наурызға дейін 241 мың тоннадан 326 мың тоннаға дейін ұлғайтылды. Көктемгі егіс науқанына байланысты қазір жанар-жағармай ең бірінші кезекте ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне, содан кейін жанармай құю станциялары мен әлеуметтік маңызы бар кәсіпорындарға жіберіледі.

Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте энергетика саласын дамытудың өзге де өзекті мәселелері қаралды. Атап айтқанда, халықаралық инвесторларды тарту, жаңа энергия өндіруші нысандарды іске қосу, жаңартылатын энергия көздерін дамыту және инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту жоспары талқыланды.