«Бәйтерек» холдингі Қытайдың ірі қаржы ұйымдарымен келісім жасасты

«Бәйтерек» Қытайдың ірі қаржы институттарымен ынтымақтастық орнатты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік сапары аясында Ұлттық басқарушы холдинг пен Қытайдың қаржы ұйымдары арасында үш құжатқа қол қойылды. Соның бірі бизнеске көп сомада несие беру. 

Сиань сауда орталығы және логистикалық жолдардың тоғысатын жері ғана емес. Бұл қаланың қаржылық мүмкіндігі де зор. Мұнда Қытайдың ірі қаржы институттары шоғырланған. Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік сапары аясында «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі сол іргелі ұйымдармен келісімшартқа отырды.  

Қанат Шарлапаев, "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ Басқарма төрағасы:

- Бұл Қытайдағы ең ірі қаржы институты. Олармен ынтымақтастығымыздың бірнеше жылдық тарихы бар. Осы жолғы келісім Қазақстанда жаңа жобаларды қаржыландыруға мүмкіндік береді. Қытай Мемлекеттік Даму Банкі серіктесіміз болады. Нақтырақ айтсақ, бұл елдің ірі қаржы ұйымы біздің холдингке беретін несие лимитін көбейтеді. 

Қытайдың сауда-өнеркәсіп банкімен де алдын ала келісім жасалды. Бұл ұйым да «Бәйтерекке» бөлетін несие лимитін ұзартады. Сонымен қатар Қытайдың ең ірі инвестициялық банкі де біздің елге қаржы құяды. 

Қанат Шарлапаев, "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ Басқарма төрағасы:

- Жергілікті іскер топтың айтуынша Қытайда қазақстандық компания басшылары бұрын-соңды бұлай көп жиналмаған. Шынында да, қытайлық бизнес Қазақстанмен ынтымақтастық орнатуға құлшынып отыр. Әрі олардың біздің экономикаға инвестиция салуға деген қызығушылығы жоғары екенін байқадық. 

Бұл инвестициялар негізінен индустриялық-инновациялық дамуға, ұлттық өнімнің экспортын еселеуге және жасыл жобаларға бағытталмақ. Қазір тараптар осы салаларға басымдық беріп жатыр. Бұдан бөлек Қазақстанда 258 миллион долларға Чанган, Чери және Хавал көліктерін шығаратын мультибрендті зауыт салу жоспарланып отыр. Жасалған келісімдер міне осы бағыттарды қамтиды. 

Қорған Қонысбайұлы, Марат Диханбаев, Дулат Ентебеков