Қазақстан мен Швейцария экономикалық байланысты арттыруға ниетті

Қазақстан мен Швейцария парламентаралық ынтымақтастықты нығайтып, сауда-экономикалық байланысты арттыруға ниетті.

Мәселе осы елдің Федералдық Сыртқы істер департаментінің басшысы Иньяцио Кассистің Астанаға сапары барысында талқыланды. Еліміздің Сыртқы саясат басшысы Мұрат Нұртілеу кездесуде қонақтарды химия, фармацевтика, машина жасау және логистика салаларына инвестиция салуға шақырды. Қазақстан азаматтары үшін визалық режимді жеңілдетуге қолдау білдіруді сұрады. Астана мен Берн арасында тығыз байланыс орнаған. Швейцария еліміздегі ең ірі инвесторлардың бірі. Бұл мемлекеттің Қазақстанға тікелей инвестиция көлемі 30 миллиард доллардан асты.

Мұрат Нұртілеу, ҚР Премьер-министрінің орынбасары, Сыртқы істер министрі:

- Еліміздің нарығына кіруге ниетті швейцариялық компаниялары үшін ең қолайлы жағдай жасауға дайын екенімізді тағы да растаймын. Швейцариямен сауда-экономикалық байланысымыз да тұрақты өсуде. Былтыр 1,4 млрд доллар құраған тауар айналымы биылғы қаңтар-мамырда 544,8 млн долларға жетті.

Иньяцио Кассис, Швейцария федералдық Сыртқы істер департаментінің басшысы:

- Кездесуде талқыланған мәселенің бірі Орталық Азиядағы трансшекаралық суларды басқару болды. Тіршілік нәрі әлемнің көп аймағында өзекті мәселенің бірі екені бәріне белігілі. Біз оның қаншалықты күрделі екенін жақсы білеміз. Швейцария таулар арқылы көрші Франция, Германия, Австрияға суларын жеткізеді. Осы себепті мәселеге қатысты тәжірибемізбен бөлісіп, сіздің еліңізге қолдау көрсетуге дайынбыз.