Атырауда 102 жас кәсіпкердің жобасы мақұлданған

Қазірдің өзінде 68 жас кәсіпкерге жалпы сомасы 295 млн теңге көлемінде қаражат беріліпті.

Ниет білдіргендердің көбі ауыл шаруашылығын дамытып, қызмет көрсету бағытында өз кәсіптерін бастауды жоспарлаған. Жалпы биыл 136 жас өз кәсібін бастайды деп жоспарланып отыр.

Жеңілдетілген несие алғандардың бірі Абылай Әбенов Жайық жағасында квадроциклмен тур ұйымдастырып жүр. Былтыр өз бизнесін дәл осындай үш көлікпен ғана бастады. Кейін  демалыстың осы түріне тұрғындар тарапынан сұраныс  артқан соң  жаңа техника сатып алуға бел буыпты. Бірақ бір квадракциклдің құны бір жарым миллион теңге болғандықтан Абылай Әбенов мемлекеттік бағдарламаны пайдаланып, жеңілдетілген несие алуды жөн көрген.

Абылай Әбенов, кәсіпкер:

- Енді өзіміздің қалтамыздан қоса беру ақшаны тапшылық етті. Сол себепті мемлекеттік бағдарламаларды іздедік. Жастарға кредит беру бағдарламасы басталғанын естідік. Инстаграм желісмінде шықты. Содан көріп байланыстық. Қазір бізде 6 квадракцикл, 1 мотоциклмен тур ұйымдастырамыз. Яғни 12 адамды қамти аламыз.

Жобасы мақұлданғандардың қатарында Аслан Сейтқалиев те бар. Ол өңір тұрғындарын глютенсіз өніммен қамтамасыз етуді қолға алған. Кәсібін жандандырып, алдағы уақытта 4-5 адамды жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр. 

Аслан Сейітқалиев, кәсіпкер:

- Жалпы бұл өнімді бастау себебіміз – жанұямыздағы кейбір жандардың глютенді көтере алмауы. Сол себепті үйдің ішінде өзіміз пісіріп, үй ішімізбен диетаға отырдық. Одан кейін айналада сұраныс бар екенін байқадық. Жанұялық ресторандар тапсырыс келіп жатыр глютенсіз өнімдерді менюге қосуға. Сұраныс көбейіп, жұмыс алға қарай дамитын болса, жастарды жұмыспен қамту жоспарда. Жұмыссыздықты азайту және қоғамға пайдалы өнімдер шығару – мақсат.

Биыл өңірде мұндай мүмкіндікке 136 жас кәсіпкер ие болады. Одан бөлек тағы 50 жас кәсіпкерге 50 млн теңге көлемінде несие беріледі деп жоспарланып отыр.

Азамат Мәмбетов, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы:

-Ауыл шаруашылығы мақсатында несие 7 жылға дейін беріледі. Кәсіпкерлік мақсатында 5 жылға дейін беріледі. Бұл несиені қазіргі таңда комиссияның шешімімен 102 жасқа несие беруді мақұлдадық. 68 адам тиісті қаражатын алды. 295 миллион теңге төленді. Осы апта аяғында қалған несиені беруді жоспарлап отырмыз.

Мақұлданған 102 жобаның басым бөлігі – ауыл шаруашылығын дамыту және қызмет көрсету бағытында болады. Десе де, жастарға арналған бұл бағдарлама қандай да бір салаға қатысты шектеу қоймайды. Мақұлданатын 136 жобаның аясында 600-ден астам адам жұмыспен қамтылады деп жоспарланып отыр.

Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов