Қостанай облысындағы ауруханалар қаржылық қиындыққа тап болып отыр

Соның салдарынан науқастар үшін дәрі-дәрмек пен азық-түлікті қарызға алуға мәжбүр.

Облыстағы қырық үш мемлекеттік медициналық ұйымның он алтысында осындай күрделі жағдай қалыптасқан. Емдеу мекемелерінің кредиторлық қарыздары қордаланып қалыпты. Бүгінгі күні оның жалпы көлемі  3 миллиард, 200 миллион теңгеге жетті. Ол негізінен медициналық бұйымдар мен дәрілік препараттар үшін төленбеген есеп-шоттар. Мамандардың пайымдауынша ақшаның жетіспеушілігіне медицина қызметкерлерінің  жалақысын  жыл сайын көтеру себеп болған. Өйткені емдеу мекемелеріне бөлінетін қаржының алпыстан тоқсан процентке дейінгі бөлігін еңбекақы қоры құрайды.  

Батырбек Нұрғалиев, "Әлеуметтік медициналық сақтандыру" АҚ ҚОФ директоры:

- Ақы төлеуді жүзеге асыратын медициналық көмек көрсету тарифтері жыл сайын жалақыны көтеруге міндеттейді. Өкінішке орай, бюджет мүмкіндіктері шектеулі. Сондықтан инфляция коэфицентіне орай тарифті көтеруге болмайды.  Қор тарапынан бізге қосымша 2,5 миллиард теңге қаражат  түсті. Ол медициналық қызмет көрсету үшін мемлекеттік сатып алу рәсіміне сәйкес қызметтерге берілетін  қаржы.