Қызылордада темір-бетон бұйымдарын шығаратын зауыт іске қосылды

Құрылыс индустриясы қарқынды дамып жатқан Қызылордада жаңа өндіріс орыны ашылды.

Бетон бұйымдарын шығаратын зауыт құрылысшылардың кәсіби мерекесінде іске қосылды. Өндірістің ашылу салтанатына облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысты. Сала үздіктерін төл мерекесімен құттықтаған өңір басшысы құрылысқа қажетті материал өндіретін кәсіпорындардың аймақ экономикасы үшін маңызы екенін атап өтті.   

Темір бетон бұйымдарын шығаратын өндіріс өңір үшін өте қажет. Әлі де болса құрылыс материалдарын шетелден сатып алып келеміз. Ал аймақта құрылыс қарқыны жыл өткен сайын артып отыр. Осы ретте, өнідіске бет бұрған кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау жасалу қажет,-деді облыс әкімі өндіріс орнының салтантты ашылу рәсімінде.  

Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:

-Темір бетон бұйымдарын шығаратын зауытты іске қосу аймақтың құрылыс саласын дамытуға, өңірдің тұрғын үй және әлеуметтік инфрақұрылымын, құрылыстың көлемін кеңейтуге үлкен жол ашады. Мұндай өндіріс бізге құрылыс шығындарын едәуір азайтуға, импортқа тәуелділікті төмендетуге, сондай-ақ капиталдың шетелдерге кетуін шектеуге ерекше мүмкіндік береді.

Заманауи құрылғылармен жабдықталған зауытта құрылысқа қажет бетон бұйымның барлық түрі жасалады. Мұнда сағатына 80 текше метр тауарлы бетон, тәулігіне 120 текше метр темір бетон бұйымдары шығарылады. Өндіріс орынында екі ауысыммен 150 адам тұрақты жұмыс істейтін болады.

Стелла Егай, кәсіпорынның қаржы директоры:

-Бұл жерде төбе жабындысына арналған плита, блоктар, іргетас бетондары секілді бірнеше бұйым жасалады. Сонымен қатар кен орындарына, өндіріске керек бетон бұйымдарын да дайындаймыз. Оны мұнай ұңғымаларына, дренаж жүйелеріне және жол құрылыстарына да пайдалануға болады. Мұндай өнімдер өңірдегі басқа зауыттарды өндірілмейді. 

Өңірдегі мұнай кеніштері табиғи сарқылып жатқан кезде мұндай жаңа өндірістердің бой көтеруі аймақ экономикасын әртараптандыру үшін маңызды, дейді мамандар.

Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев