Қазақстанда 1,5 млн астам адам декларация тапсырды

Қазақстанда 1,5 миллионнан астам адам декларация тапсырды.

Әлі 100 мыңға жуық азамат салық есебін ұсынуы тиіс. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі хабарлады. Жалпыға бірдей декларациялаудың екінші кезеңі биыл 1 қаңтарда басталды. Алғаш рет мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектор қызметкерлері, олардың жұбайлары бар байлығын жария етуге міндеттелді. Яғни шетелдегі мүлкін, банктегі есепшотын көрсетуі қажет. Үйіндегі қымбат бұйымы мен ақшасын да жасырмағаны жөн. Үлестік тұрғын үй қорындағы салымы да жария етуге жатады. Декларацияны қағаз түрінде тапсыру мерзімі 15 шілдеде аяқталды. Ал 15 қыркүйекке дейін онлайн қабылданады.

Айнұр Сартаева, ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми өкілі:

- Жалпы егер азаматтар декларацияны 15 қыркүйекке дейін тапсырмаса, оған онда мемлекеттік кірістер органдары хабарлама жібереді. Және ол хабарламаны алғаннан кейін азамат 30 күнтізбелік күн ішінде декларацияны тапсыруы керек. Егер уақытында тапсыра алмай қалса, алғашында оған ескерту беріледі. Егер де бір жылдың ішінде аталған бұзушылық қайтадан қайталанса, оған 15 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылған.