Қазақ-қытай саудаcының көлемі артты

Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-саттық былтыр 34%-ға өсіп, 24 млрд долларға жетті.

Биыл бірінші жартыжылдықтың өзінде  20%-ға артып, 13,6 млрд долларды құрады. Бұл туралы Үкімет басшысы Әлихан Смайылов пен Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяомен кездесуінде айтылды. Тараптар,  екі ел арасындағы сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселелерін талқылады. 2030 жылға қарай екіжақты сауда көлемін 35 млрд долларға дейін жеткізу көзделіп отыр. Бүгінде Қазақстаннан Қытайға шикізаттық емес тауарларды жеткізу көлемі артқан. Атап айтқанда, биыл пластмасса бұйымдарын, металл конструкцияларын, ұн, кондитерлік және макарон өнімдерін жеткізу басталды. Үкімет басшысы инвестициялық ынтымақтастықтың маңыздылығына тоқталды. Соңғы 17 жылда Қытайдан келген инвестицияның жалпы көлемі 23,5 млрд долларға жетті.