Ақтөбеде жалғыз басты ана «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік байқауының жеңімпазы атанды

Ақтөбеде 35 жастағы жалғыз басты ана «Қазақстанның үздік тауары» атты өңірлік байқаудың жеңімпазы атанды.

Бес жыл бұрын ас бөлмесінде тәтті тағам пісіріп сатуды қолға алған ол, бүгінде қалаға танымал кондитер өнімі желісін басқарып отыр.  Самал Асанова  табысқа жетем деп мүлде ойламапты.  Өзі жиған мол тәжірибесін өзгелермен де бөлісіп жүр.

Жеке кәсіппен айналысуды ас үйден бастаған Самал Асанова үшін дәмді, әрі сапалы кондитерлік өнім дайындау сүйікті ісі. Өзінің айтуынша, қолдан келетін істі табыс көзіне айналдыру тұрмыс тауқыметін жеңуден туған идея. Басында торт пісіріп сатса, кейін қыз-келіншектерге шеберлік сағатын өткізе бастады. Білгенімен бөлісіп, басқаларды да үйретті.

Самал Асанова, кәсіпкер:

- Қиналып жүрген сәтім болатын қаражат жағынан жеткіліксіз болып. Сол кезде екі жұмыста жүрдім. Сол кезде баламның сұрауымен жаңағы "тәттілер пісіріп берші?"-деп уже тілі шыққаннан кейін. Сол кезде интернетті ақтарып пісіре бастадым. Себебі артқа шегінетін жол жоқ, маған қалайда ақша табу керек болды. Жұмыспен негізінде қосымша табыс ретінде ғана жасап жүрдім. Тапсырыстың көбеюіне байланысты жұмысымды тастауға тура келді. Әрдайым ізденісте, оқу-білім алып жүрдім. Қосымша тапқан табысымды мен бір киімге немесе бір қызығып қыдыруға емеса, ал білімге салдым. 

Кәсіпкер бүгінде 240 қыз-келіншекті жұмыспен қамтып отыр. Мемлекеттік қолдаудың арқасында іске қосқан цехында 100-ден астам  өнім түрі дайындалып, қала бойынша ондаған дүкенді  сапалы өніммен қамтиды. Бұған қоса, Астана мен Оралдаға да жөнелтеді. 

Гүлстан Темірбаева, аға кондитер:

- Жігерлі, ер азамат сияқты мінезі. Әрбір жұмысшыны қолдайды. Көмектеседі, талап қояды. Қойған талабын орындауға мотивация жасайды. 

Самал Асанова үшін аптаның әр күні қауырт. Тұтынушының талабы мен талғамына сай өнім әзірлеу барысын өзі бақылап отырады. Ал ұжымның еңбегі елеусіз емес. Талай байқаулардың да жеңіс тұғырынан көрініп жүр. Ал алға қойған жоспар аз емес. Қазір тағы бір цехтың құрылысы жүріп жатыр. 

Бүгінде облыс бойынша100 мыңға жуық шағын және орта бизнес нысаны бар.

Динара Смағұлова, "Атамекен" кәсіпкерлік палатасының сарапшысы:

- "Кәсіпке бағыт" бағдарламасы бойынша көбінесе жылыжайға, құс өсіруге және де ұннан жасалатын өнімдерді жасауға сұраныс болып отыр. Ал "әйелдер кәсіпкерлігін дамыту" бойынша ол көбіне көп ол тігін жұмысы, сұлулық салондарына арналған қызметтер көрсету бойынша үлкен сұраныс болып отыр. 

Адал еңбегі мен табандылығы арқасында жетістікке жеткен кәсіп иелерін марапаттап, ісін үлгі ету Ақтөбеде дәстүрге айналған.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев