Үкімет басшысы ертеңнен бастап кімдердің айлығы көбейетінін айтты

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайылов «AMANAT» партиясы фракциясының кеңейтілген отырысына қатысып жатыр.

Ол жиын барысында Президенттің бұған дейінгі жолдауларының қалай жүзеге асырылып жатқанына тоқталды.

Өңірлермен бірлесіп, Халықтың табысын арттыру бағдарламасы аясында жұмыспен қамтудың Кешенді жоспары іске асырылуда. Қазіргі уақытта жаңа, бос және мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындарына 600 мыңнан астам адам жұмысқа орналасты. Олардың жартысы – жастар. Президенттің жастарды және халықтың әлеуметтік осал топтарын жұмыспен қамту мәселелері туралы тапсырмалары ерекше орын алады. Жастардың жас шамасы 29-дан 35 жасқа дейін ұлғайтылды. Нәтижесінде 5,7 млн адам мемлекеттік қолдау шараларына қол жеткізе алады. Биыл олардың 9 мыңға жуығы, соның ішінде әлеуметтік осал топтардағы жастар, 2,5%-пен жеңілдікті кредиттер, өтеусіз гранттар алып, өз істерін ашты – деді ол.

Сонымен қатар, ол 1,2 млн азаматтық қызметкердің жалақысын 2 есеге арттыру міндеті қойылғанын атап өтті.

Сондықтан біз жыл сайын мұғалімдердің жалақысын 25%-ке, дәрігерлердің жалақысын 30%-ке, орта медициналық персоналдың және басқа санаттағы жұмыскерлердің жалақысын 20%-ке арттырып келеміз. Шамамен 2 мыңнан астам кәсіпорынмен жұмыс жүргізілді. Нәтижесі бойынша жұмыс берушілер 1 млн астам жұмысшылардың жалақысын 10%-тен 50%-ке дейін арттырды – деді Үкімет басшысы.

Сондай-ақ ол білім саласындағы жаңалықтарға да тоқталды.

Орта білім беруді қаржыландыру тек соңғы 5 жылдың өзінде 2 еседен астам немесе 2 трлн-нан 4,5 трлн теңгеге дейін ұлғайтылды. Осы мақсатта «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру басталды. Жоба аясында 369 мектеп салынады. Бұдан басқа, Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры құрылды. Осы қорда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шаралар шеңберінде мемлекетке қайтарылған қаражат жинақталады. Бүгінгі күні Қорға 120 млрд теңге түсті. Оның 97 млрд теңгесі 62 мектеп салуға жұмсалды – деді Әлихан Смайылов.

Жоғары білім берудің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін жыл сайын отандық университеттерде білім беру гранттарының санын артып келеді.

Биыл бөлінген 88 мың гранттың  73 мыңы (бакалавриат) биылғы мектеп түлектеріне берілді. Ертеңнен бастап 380 мыңнан астам студенттің стипендиясы өседі. Тек соңғы 3 жылда 1 студентке жұмсалатын шығыстар орта есеппен 420 мыңнан 1 млн теңгеге дейін өсті. Студенттерді жатақханалармен қамтамасыз ету де маңызды мәселе. 2020 жылдан бастап жыл сайын жатақханаларда 10 мың орын пайдалануға беріледі. Жатақханалар құрылысын мемлекеттік субсидиялау бағдарламасы шеңберінде қазірдің өзінде 99 жатақхана пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 32-сі ашылады деп жоспарлануда. Бұл ретте 1 қыркүйектен бастап халықтың әлеуметтік осал топтарының жекелеген санаттарынан шыққан, басқа қаладан келген студенттерге жатақханада тұру шығындары өтелетін болады. Жаңа оқу жылынан бастап жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамының жалақысы 20%-ке артады – деді ол.