Қазақстан экономикасын қандай реформа күтіп тұр?

Ал осы экономикалық саясатты қалай іске асырамыз?

Президент атқаратын міндеттерді жіпке тізді. «Мақсат – қағаз жүзіндегі жетістік емес, шын мәнінде халықтың тұрмыс сапасын жақсарту», - деді. Қазақстанның экономикасын қандай реформа күтіп тұр?

 

Кәсіпорындарға 5 жыл сайын аудит жасалады   

Көкжиекке көз тастасаң қиыры көрінбейтін кең даламыз бар. Осы жердің үсті де, асты да бай. Ал біз оны қаншалықты тиімді пайдаланып отырмыз? Қазба байлықтан бастасақ. Қазір қазынаны қаржыға толтырып отырған сала – кен өндіру өнеркәсібі. Президент «Болашақта да солай болуға тиіс» деді. Себебі көптеген металдың бағасы шарықтап, бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Бірақ бұл салаға темірдей тәртіп керек. Әйтпесе, елдегі кей ірі өндіріс орындары қоршаған ортаны ластап жатыр. Бұған жергілікті жұрттың назы бар. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Жұмысшылардың өндірісте мертігуі және қазаға ұшырауы көп болып кетті. Үкімет кәсіпорындардың технологиялық және экологиялық ахуалын, денсаулық сақтау жүйесін жақсарту үшін батыл шаралар қабылдауы қажет. Сондықтан ірі өндіріс кәсіпорындары 5 жыл сайын технологиялық және экологиялық аудит жасауы керек. Бұл талап инфрақұрылым саласындағы кәсіпорындарға да қойылуға тиіс.

 

ПРЕЗИДЕНТ БАРЛАУ САЛАСЫН СЫНҒА АЛДЫ

Қазақстанның жер қойнауы қазба байлыққа толы. Бірақ оны барлау жағы ақсап тұр. Көптен бері ауыз толтырып айтатын геологиялық жаңалық ашылған жоқ. Салаға серпіліс беру үшін 2018 жылы жаңа заңдар қабылданған еді. Бірақ әлі күнге дейін шарапытн көрмей келеміз. Мемлекет басшысы «ахуалды дереу өзгерту керек» деген пәрмен берді. Қазір елдің 1,5 миллион шаршы шақырым аумағына барлау жасалған. Үкіметтің ендігі міндеті – 2026 жылға қарай оның көлемін кемінде 2 миллион 200 мыңға жеткізу.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Көптеген елде бұл саланы негізінен жеке компаниялар алға сүйрейді. Сондықтан ірі көлемде жеке инвестицияларды тарту осы саланың әлеуетін ашуға барынша көмектеседі. Ол үшін салық және реттеу шарттары өзгеріске икемді болуы керек. Өз қаржысына геологиялық зерттеу жүргізген инвестордың жер қойнауын пайдалану кезінде басым құқыққа ие болуын қамтамасыз еткен жөн. Жобаларды келісуге қажетті рәсімдер мен оның мерзімін кешенді мемлекеттік сараптама жасау және толық цифрландыру тәсілін енгізу арқылы 2 есе азайту керек.

 

Өндіріс те, өңдеу де өрге басады

Біз Президент айтқан өндірістегі өзекті мәселелерді тізіп бердік. Қалың қарашада шикізат шығарып ғана қоймай, өңдеу ісіне де ығыссақ деген талап бар еді. Қасым-Жомарт Кемелұлы Жолдауда бұл мәселеге де тоқталды.

Металды терең өңдеу мұнай-газ және көмір химиясы, ауыр машина жасау, уранды конверсиялау және байыту, автобөлшектер және тыңайтқыштар шығару сияқты бағыттарға айрықша назар аударуды тапсырды. «Жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын кластер құру керек», - деді Президент. Ауылшаруашылық өнімдерін өңдеуге де мән берді. Алдағы 3 жылда агроөнеркәсіптегі өңделген өнімнің үлесін 70%-ке жеткізу міндеті тұр. Іскер азаматтарды ынталандыру үшін салық саясаты қайта қаралады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеу және өндірістік жылыжай шаруашылықтарын дамыту сияқты біз үшін болашағы зор бағыттарға басымдық берген абзал. Сонымен бірге өз еліміздегі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының әлеуетін қаперден шығармаған жөн. Ауыл-аймақты дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдау өте маңызды. «Ауыл аманаты» бағдарламасының елге қажет екені айқын көрінді. Оның келесі кезеңінде жеңілдетілген несие берумен шектеліп қалмау керек. Жеке қосалқы шаруашылық иелері өзара бірігуі қажет.

 

Еуразияның аграрлық орталығына айналу қамы

Жалпы ауыл шаруашылығында да әлеуетіміз жоғары. Бірақ қолда бар мүмкіндікті әлі толық пайдаланбай отырмыз. Қазақстанның ендігі стратегиялық мақсаты – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу. Бірақ ол үшін бірқатар өзекті мәселені шешу керек. Мәселен, шаруалар тізгіндеген техника әбден ескірген, 80%-і тозып тұр. Президент жыл сайын оның 8-10%-ін жаңартып отыру қажет деді. Бұл ретте еліміздегі техника өндірушілер мен шаруалардың да мүддесін ескеріледі. Одан бөлек, шаруашылық пен ғылымды ұштастыру мәселесі айтылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазіргі ауыл шаруашылығы – жоғары технологиялы сала. Мұны білесіздер. Шаруаларды жер жағдайы немесе ауа райы емес, инновациялық амал-тәсілдер табысқа жеткізеді. Заманауи ғылымға сүйенбесе, ауыл шаруашылығы жай тоқырауға емес, құрдымға кетеді. Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығын зерттеу ісінің барлық сатысын қамтитын агротехнология хабына айналдыру керек. Сондай-ақ шетелдің танымал агро-ғылыми орталықтарымен толыққанды ғылыми-тәжірибелік ынтымақтастық орнату керек.

 Егін шаруашылығын да реформа күтіп тұр. Шаруалар пайда әкелетін дақылдарға ауысып, суды көп қажет ететін егіс алқабын біртіндеп азайтуы тиіс. Диқандар жергілікті тұқыммен қамтамасыз етіледі. Дәнді-егіс түрлерін көбейтуі керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мемлекеттің баға реттеу мәселесіне шектен тыс араласуы агроөнеркәсіп кешенін өркендетуге айтарлықтай кедергі келтіріп отыр. Бұл мәселені де шешу керек. Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы ахуалды тұрақтандыру ісінде қазіргіден де маңызды рөл атқаруға тиіс. Бұл мекеме қажет кезде интервенция жасап, бағаның өсімін тежеп отырады. Азық-түлік корпорациясы нарықтағы жекеменшік иелерінің ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін, оны сақтайтын және сататын толыққанды желі құруына жәрдемдесуге тиіс.

Бекзат Аманов, тілші:

- Үкіметтің алдында экспорт ауқымын кеңейту міндеті тұр. Енді Қазақстанның тауарларын шетелге таныту және шығару үшін тиісті шаралар қабылдануы тиіс. Қысқасы, қолда бар байлықты толық әрі тиімді пайдалану керек. Президент жүктеген міндеттің бірі – осы.

Авторы: Бекзат Аманов.