Қаржы саласында қандай жаңашылдық болады?

Бүгін Қазақстан Ұлттық Банкі Алматыда өткен қаржыгерлер конгресінде ұлттық валюта банкноталарының жаңа сериясын таныстырды.

Әлемдік индустрияда қолданылатын заманауи қорғаныс элеметтері енгізілген купюралардың алғашқы номиналы  жыл соңында айналымға енеді. Қаржы саласында тағы қандай жаңашылдық болады?

Жүйрік ат, құмай тазы, қар барысы, бүркіт пен ақбөкен – мұның бәрі жаңа дизайндағы банкноталарда көрініс тапқан. Купюралар «Сақ стилі» элементтеріне негізделген, көшпенділердің бірегей мәдениетінен бастап бүгінге дейінгі ел мұрасын бейнелейді. Банкноталардың дизайнын кезең-кезеңімен жаңартып отыру, жалған ақша жасаудың алдын алады,-дейді мамандар.  

Санжар Нұрқасымов, ҚР Ұлттық банкі басқармасының бас дизайнері:

- Бес мың теңге осы жылдың аяғына дейін айналымға шығады. Келесі номиналдар скл: кезең кезеңімен бірте-бірте келесі жылдан бастап 25-жылға дейін түгелімен бүкіл серия шығады. 

Қолма-қол төлем құралы саналатын купюраларды басып шығаруға үлкен еңбек пен қыруар қаржы кетеді. Жақын болашақта бұл шығын да айтарлықтай қысқарады. Себебі сіз бен біз цифрлық теңгенің игілігін көре бастаймыз. Бүгін қаржыгерлер конгресіне қатысушылар алғаш рет цифрлық теңге арқылы бөлшек саудада төлем жасалғанына куә болды. Қарапайым тұтынушыға ыңғайлысы – цифрлық теңге интернетке тәуелді емес. Желі жоқ жерде де төлем жасай аласыз.Қаржыгерлер цифрлық теңге 2025 жылдың соңында толықтай енгізіледі деп отыр. 

Мақсат Халық, қаржылық сарапшы:

- Цифрлық теңге қолма-қол төлемнің толық баламасы бола алады деуге толық негіз бар. Бірінші кезекте ең негізгі көлеңкелі экономиканың үлесін азайтуға үлес қосады. Себебі цифрлық теңге бұл блокчейн технологиясы негізінде жасалынып отыр. Ол әрбір төлемде, әрбір транзакацияның цифрлық ізі сақталады. Ақша айналымының ашықтығы қамтамасыз етіледі. 

Қаржы саласындағы инновациялардан бөлек, конгресте еліміздегі ақша-несие саясаты да қаузалды. Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтың айтуынша, соңғы бес жылда қолма-қол ақшасыз төлемдерді ілгерілету, қаржылық қызметтерді цифрландыру бойынша едәуір жетістіктерге қол жеткен. Күн сайын ұлттық төлем жүйесі арқылы ондаған миллиард теңгеге миллиондаған транзакцияға қызмет көрсетіледі. 

Ғалым Байназаров , ҚР Ұлттық Банкінің тұңғыш төрағасы:

- Ұлттық банк төрағасы біздің кредит-ақша саясатымыз экономиканың дамуына бетбұрыс жасайды деді. Ол өте жақсы айтылған мәселе. Бізде қазір 240 миллиардтай ақша–қаражатымыз шоғырланған Қазақстанда. Соның 76 миллиарды ғана нарықтық экономикада жұмыс істеп жатыр. Ең құрығанда 50 пайызын әкелсек, біз үлкен жаңағы сол экономиканың дамуына жағдай туғыза аламыз. 

Конгресте еліміздің қаржы саласын дамытудың негізгі басымдықтары да аталды. Экономиканың нақты секторын қаржыландыруды өсіруге, банктік емес секторды және экономиканы қаржыландырудың баламалы көздерін дамытуға ден қойылмақ.

Гүлжан Көленқызы, Кенже Амраев