Үкімет шаруалардан бидай сатып алуға ақша бөлді

Отандық шаруалардан 4, 5-сұрыпты және сұрыпқа жатпайтын бидай сатып алу үшін Үкімет резервінен қаражат бөлінді.

Тиісті қаулыға Премьер-Министр Әлихан Смайылов қол қойды. Мемлекет басшысы биыл қолайсыз ауа райынан зардап шеккен шаруаларға қолдау көрсетуді тапсырған. Қаражат көлемі 31 млрд 375 млн теңге. Енді азық-түлік корпорациясы диқандардан 350 мың тонна бидайды тікелей сатып алады. Қазір отандық нарықты қамтамасыз етуге және экспортқа жіберуге жеткілікті көлемде астық бар. биыл Үкімет агроөнеркәсіп кешенін субсидиялауға 494 млрд теңге, оның ішінде өз резервінен өсімдік және мал шаруашылығына деп қосымша 60 млрд теңге бөлді. Ал «Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 100 млрд теңге бағытталды.