Электр қуаты қымбаттай ма?

Елде электр энергиясының тарифін көтеру мәселесі талқыланып жатыр.

Электр қуатын 24 компания өзгерту туралы өтініш жасады.

22 желтоқсанға дейін қоғамдық тыңдаулар өтеді. Содан кейін тарифтің жайы белгілі болмақ.

Енді бұл нарық қой. Өндірушілер электр өндіруге кететін шығынның артақынан шағым білдіріпті.

Электр қуаты қымбаттай ма?

Энергия өндіретін компаниялар тариф көтеру мәселесін отынға кететін шығынның өскенімен байланыстырады. Көгілдір отын да, көмір де қымбаттаған. Монополистердің айтуынша, отынға табыстың 60%-ін жұмсайды. Ал одан қалған ақшамен жұмысшылардың жалақасын көтеру қиын. Сондықтан коммуналдық салада білікті кадр тапшы. Аз-мұз жалақыға мықты маманның келуі екіталай. Сол себепті тариф орта есеппен 2 теңгеге өсуі мүмкін. Нақты сома жыл соңында белгілі болады. Алайда сарапшылар тарифті көтермес бұрын компанияның жұмысын тексеру қажет дейді. Бақылау жоқ жерде жең ұшынан жалғасқан сыбайластықтың болуы ғажап емес.

Марат Әбдірахманов, сарапшы:

- Электр энергиясының тарифі 2003 жылдан бері 3 мәрте өсті. Алайда тариф қымбаттағанымен өзгерген ештеңе жоқ. Егер біз монополистердің қызметіне қоғамдық бақылау орнатпасақ, осылай жалғаса бермек. Яғни, монополистер табысын айналымнан шығарып алады да, бюджет қомақты табыстан қағылады. Ал саладағы келеңсіздік жалғаса бермек.

Астанаға – қосымша 1 140 Гкал/сағ

Электр энергетика тақырыбын жалғасақ. Биыл энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін бірнеше жоба жүзеге асты. Салаға жауапты министрі Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, Астанада 3-ші жылу электр орталығының бірінші кезегі іске қосылды. Осылайша, жаңадан қосылған «Тұран» және «Оңтүстік-Шығыс» қазандықтарымен бірге сағатына 1140 гигакалория беретін болды. Батыс аймақтың проблемасын шешуге күш салынды. Өткен айда 780 шақырымдық желі қолданысқа берілді. Бұдан бөлек, «Қарабатан» қосалқы станцияменсымен бірге бірнеше тораптық қосалқы станция іске кірісті.

Астанада іске қосылған нысандар:

3-ші ЖЭО-ның 1-ші кезегі

Оңтүстік-Шығыс қазандығы

Тұран қазандығы

Жалпы қуаты – 1  140 гкал/сағ.

Жол ақысы қымбаттамайды

Ендігі әңгіме – қоғамдық көліктегі жолақы құны. Елдің барлық өңірінде жол ақысын электронды түрде төлеуге болады. Көлік министрлігінінің ақпаратына жүгінсек, соңғы 3 жылда онлайн төлемнің үлесі 80%-ке жетті. Билет құны әр өңірде әртүрлі. Ең қымбат жолақы Алматы, Көкшетау, Петропавл мен Қостанайда. Бұл қалалардың тұрғындары 100 теңгеден төлейді. Ал ең арзан тариф Жезқазғанда.

Ал Астанада жол жүру құны – 90 теңге. Күн сайын орта есеппен 650 мың адам автобустың қызметіне жүгінеді. Шотқа қағып көрсек, күніне 58 млн теңгеден астам ақша түседі екен. Айына 2 млрд теңгеге жуықтайды. Алайда тасымалдаушылардың айтуынша, шекелері шылқып отырған жоқ.  

Елордадағы бір автопарктің өкілі түсіндіргендей, табыстың үштен бірі жалақыға кетеді. Қазір астаналық жүгізушілердің еңбекақысы – шамамен 500 мың теңге. Тағы бір бөлігі жанармайға жұмсалады. Бұдан бөлек, бұзылса жөндеу керек, сайман алу қажет. Сондықтан әкімдік жолақыны субсидиялап отыр. Негізі жолақының өзіндік құны – 350 теңге.

Орынбасар Ағыбаев, "City Transportation Systems" ЖШС басқарушы директоры:

- Тариф көтеру мәселесін көтерген жоқ. Қазіргі таңда 90 теңгені құрап отыр. Дегенмен 5 қалада проезд 100 теңге, 100 теңгеден жоғары. Сол себептен де мүмкін болашақта, келесі жылы ол сұрақ көтерілуі мүмкін.

Сөйтіп жол ақысы қымбаттамайды. Ал атқарушы билік монополистер тарапынан өтініш түскен жағдайда көпшіліктің талқысына ұсынып барып шешім қабылдайды. Өйткені бұл – нарық.