2023 жылы Алматы облысында 1100 жұмыс орыны ашылды

Биыл Алматы облысында 34 өндіріс орны іске қосылып, 1100 жаңа жұмыс орны пайда болды.

Бұдан бөлек Үлкен Алматы айналмалы автомобиль жолы ашылып, алып шаҺар маңындағы көлік кептелісі азайды.

Биыл Кеген және Райымбек өңірлерін газдандыру үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Алматы магистралінен тартылатын газ құбырының ұзындығы 227 шақырым. Сондай-ақ Балқаш ауданына көптен күткен газ жетті. Соның арқасында алты ауылдың газ құбырлары қайта жөнделіп, үйлерге көгілдір отын кірді.

Ермұханбет Бейсенбаев, Бақанас ауылының тұрғыны:

«Газ келді дегенде бәріміз ауыл болып, аудан болып қуандық. Неге десеңіз газ көп әлеуметтік жағдайды шешеді».

Көлік-логистика саласына көп көңіл бөлінді. Жазда ұзындығы 66 шақырым болатын Үлкен Алматы айналма жолы ашылды. Жоба Алматы агломерациясын дамыту аясында іске асты. Енді жолаушылар Алматы кептелісінде сағаттап тұрмай, діттеген жеріне уақытын үнемдеп жетеді.

Жасұлан Жомартханов, қала тұрғыны:

«Жақсы болды. Үнемі Алматыға барып тұрамын БАКАД пен. Жетуіміз оңай болды Алматы мен Қонаев қаласының орталығына қарым қатынас жеңілдеді».

Облыс өнеркәсібінің 90%-ын өңдеуші саланың өнімі. Бұл республикадағы ең жоғары көрсеткіштің бірі. Биыл Қарасай, Іле аудандарында құрылыс материалдарын шығарытын екі кәсіпорын жұмыс істей бастады. Ал, Қонаев қаласында көлікке қажетті сұйықтық шығаратын зауытта жұмысшылар саны артты. Отандық өнім көрші елдерге экспортталады.

Арман Шалтабаев, серіктестік менеджері:

«Жылына біз 35-40 мың тонна , айына екі мың , төрт мыңдай. Болашақта көбейтеміз тоқтамай. Бұрын бізде 15 адам істеген. Қазір 150-200 адамдай істейді».

Биыл Қонаев пен Алматы арасындағы «G4City» жобасы қайта жанданды. Болашақта экономикалық өсудің кепілі саналатын жоба 3,7 трлн теңгеге бағаланып отыр. Арнайы экономикалық аймақта 34 мың жұмыс орнын ашу көзделген. Сонымен бірге ол жерде инвестициялық жобалар іске асады. Әуежай салынады.

Нұржан Құдайбергенов, Алматы облысы әкімінің орынбасары:

«Жалпы біздің ойымыз аэропортты мына салынатын ««G4City» деп отырмыз ғой. Сол қалаға салсақ деген ойымыз бар. Үлкен транзиттік аэропорт. Бүгінгі күнге біз бірнеше инвесторлармен меморандумға қол қойдық».

Облыста тұрғын үй құрылысы жоғары қарқынмен жүріп жатыр. Еңбекшіқазақ ауданы, Шелек ауылында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған үйдің құрылысы бітіп, 120 адам баспаналы болды. Жыл басынан бері 808 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.

Алмас Садуақас, Аят Дүйсембаев