Цифрлық теңгені қалай қолданамыз?

2025 жылы елде цифрлық теңге қолданысқа енеді, деп хабарлайды 24KZ.

Қазірдің өзінде арнайы платформаның бірінші кезеңі іске қосылды. Былтыр қараша айында ұлттық валютаның жаңа нысаны айналымға қосылған. Оның пайдасы қандай? Берері не?

Ұлттық банк цифрлық теңгені енгізуді 2021 жылы қолға алған. Кезең-кезеңімен атқарылған жұмыстың нәтижесін көпшілік келесі жылы көреді. Бір ескеретіні, цифрлық теңге – жаңа валюта емес, криптовалюта да емес, тек жаңа төлем құралы.

Айгерім Бабағалиева, ҚР ҰБ Ұлттық төлем корпорациясы Цифрлық теңге басқармасының бас сарапшысы:

- Цифрлық теңгені енгізудің бірінші кезеңі 2023 жылы аяқталды. Цифрлық теңгемен алғашқы транзакция жүргізілді және алғашқы тесттер өткізілді. Енгізу жоспарға сәйкес жалғасып жатыр. 3 кезеңде және 2025 жылдың соңына қарай енгізуді аяқтау жоспарланып отыр.

Әлемде 10 мемлекет цифрлық валюта қолданады. Тағы 15-і сынақтан өткізіп жатыр. Олардың қатарында біз де бармыз. Цифрлық эволюцияның жаңа қадамы барынша пысықталып келеді. Күзде фокус-топ қатысушылары цифрлық теңгенің көмегімен 2000 транзакция жасады. Сынаққа елдегі 4 банк қатысқан. Олар клиенттеріне арнап, цифрлық шот ашты. Соның көмегімен сауда, ақша аударымдары жасалды. Бастысы, төлем әлемнің түкпір-түкпірінде қолжетімді. Сандық валюталар шетел банкіне түскен бойда ұлттық жүйеден өшіріліп, сол мемлекеттің валютасы ретінде пайдаланылады. Демек курсты автоматты түрде анықтайтын жүйе қарастырылған. Бұған интернеттің қажеті жоқ.

Руслан Қоңырбаев, Төлем технологияларын дамыту департаментінің бас сарапшысы:

- Цифрлық валютаның желіге байланбағаны қуантады. Сіздің смартфоныңызда токендер мен қолтаңбаңыз сақталса болды, тау шыңында жүріп те төлем жасай аласыз. Бұл – цифрлық теңгенің артықшылығы.

Ең бастысы – қауіпсіздік. Яғни, цифрлық теңге блокчейнге енгізіліп, ақша қатаң бақылауға алынады. Бұл өз кезегінде көлеңкелі экономиканың жолын кесуге көмектеседі. Қарапайым халық үшін де тиімді.

Айгерім Бабағалиева, ҚР ҰБ Ұлттық төлем корпорациясы Цифрлық теңге басқармасының бас сарапшысы:

- Бұл ретте ЦТ мемлекеттің кепілдігіне ие, жоғалған жағдайда қалпына келтірілуі мүмкін, офлайн-төлемдерді жасау мүмкіндігі бар, сондай-ақ бағдарламаланудың жоғары деңгейіне ие. ЦТ платформасында ҚҚС төлеуден бастап краудфандингке дейінгі бірқатар процестерді автоматтандыруға мүмкіндік беретін өзін-өзі орындайтын келісімшарттар жасауға болады.

Иә, келесі жылы көпшілік цифрлық теңгені қолдана бастайды. Бірақ таңдау еркі өзіңізде.

Авторы: Мерей Мұратханқызы.