Қазақстан фармацевтикасы жасанды түрде монополияланған

Қазақстанда дәрілік заттарды сақтау және тасымалдау нарығы жасанды түрде монополияланған.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің өкілдері осылай дейді. 200-ге жуық жеткізуші бола тұра лоттар санаулы компанияға ғана тиесілі, дейді сарапшылар. Айта кетейік, 2022 жылдың өзінде сатып алудың жылдық көлемі шамамен 7 миллиард теңге болды. Желтоқсан айының соңында алдын ала келісім бойынша бағаны төмендетіп, конкурстарда жеңіске жеткен 3 ірі фармацевтикалық компанияға қатысты тергеу аяқталды. Ал басқа схема бойынша компаниялар лоттарды ұтып алып, кейін келісімшарттан бас тартқан. Нәтижесінде қайталанған байқауға еншілес кәсіпорындар қатысты. Агенттіктің ұсынысы бойынша «СК-Фармация» серіктестігі лоттар санын көбейтті. Сонымен қатар дәрілік заттарды сақтау және тасымалдау қызметтерін бөлді.

Мира Тұяқбаева, бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің департамент директоры:

- Монополияға қарсы органның талабы бойынша лоттарға қойылатын талаптар өзгертілді. Лоттардың саны ұлғайды. Нәтижесінде жеткізушілер санының артуына ықпал етті. Мысалы, егер 2009-13 жылдары аралығында қызметтер бір лотпен сатып алынған болса, 2019 жылдан бастап 17 лот пайда болды.