Атырау облысында қайтарымсыз грантқа биыл 430 млн теңге бөлінді

Атырау облысында былтыр 270-ке жуық тұрғын мемлекеттік гранттың иегері атанып, қайтарымсыз несие алған.

Биыл да осы мақсатта 430 млн теңге бөлінді. Ұлттық жоба шеңберінде грант алғандардың бірі домбыра жасайтын шеберхана ашса, енді бірі тігіншілікті кәсіп қылып отыр.

Ақмарал Мақсұтова мына аядай бөлмені шағын шеберханаға айналдырған. Осы жерде тафтинг әдісімен түрлі кілемше тоқиды. Көпбалалы анаға көмекші де керек емес. Ұл-қызы қолқанат боп жүр. Былтыр мемлекеттік грантты ұтып, кәсібіне қажетті құрал-жабдығын сатып алған. Қолынан шыққан бұйымдарына сұраныс та жоғары.

Ақмарал Мақсұтова, кәсіпкер:

- Бұрын ата-әжелеріміз киіз басқан. Қазір сол дәстүрді жаңартып, заманауи кілемдер тоқимыз. Мен сол 2023 жылы қазан айында мемлекеттен 1 млн 380 мың грант ұтып алдым қайтарымсыз. Сол қаражатқа өзімнің керек құрал-жабдықтарымды алып, қазір бизнесімді жүргізіп жатырмын.

Нұрлыбек Бисенбаев дайын домбыраларды осылай тексеріп алады. Шебердің қолынан шыққан аспапты көрші облыстар да алдырады. 8 жыл бұрын бастаған кәсібін қазір дөңгелетіп отыр. Нұрлыбек те былтыр қайтарымсыз несие алып, шеберханасын жабдықтаған. Қазір ауыл балаларын осы кәсіпке үйретіп жүр.

Нұрлыбек Бисенбаев, кәсіпкер:

- Үкіметтің жанынан 1 млн 350 мың теңге, соған станоктар алып, қазір ауылымыздың балаларын домбыра жасауды үйретіп көрсетіп жатырмыз. Өзімізбен бірге 5 адам жұмыс жасайды. Осы шеберханадамыз. Үйренгісі келетін балаларды жұмысқа алып, осы жерде көрстепі, егер әрі қарай алып кететін ынтасы болса осы жерде жұмысқа қалдыруға жоспарымыз бар. Қазір балалар келіп, үйреніп жүр.

Өңірде былтыр 268 адамға мемлекеттік қайтарымсыз грант берілген. Соның арқасында 25 жұмыс орыны құрылды.

Дина Әбішева, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әб басқармасы бөлімінің бас маманы:

- 369,7 млн теңге толықтай қаржы игерілді. Ұлттық домбыра жасау, тафтинг кілемдерді өндіру, Тасним маркалы үй жиһаздарын жасау, қазақ тілінде балаларды дамытушы кітапшалар шығару мақсатында осы мемлекеттік гранттарды алды. Биыл да осы бағытта біздің жұмыстарымыз жалғасуда. Биылға бізідң көрсеткішіміз 400 АЕК-пен 291 беру жоспарланып отыр.

Биыл да кәсіпкерлікті дамытуға арналған ұлттық жоба шеңберінде берілетін мемлекеттік грант үшін 430 млн теңге қаралып отыр. Сонымен қатар кәсіпкерлікке бет бұрған 140-тан аса жас 2,5 пайызбен несие ала алады. Ол үшін қазынадан 710 млн теңге бөлінген.

Асланбек Шығыр, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин