АХҚО қатысуымен инвесторларға қатысты мыңдаған коммерциялық дау шешілді

Астана халықаралық қаржы орталығының соты мен Халықаралық төрелік орталығы бүгінге дейін 2400-ден аса істі қарады.

Яғни шетелдік инвесторларға қатысты осынша коммерциялық дау-дамай шешілді. Осы арқылы бизнес өкілдері Қазақстанда тартымды әрі тиімді инвестициялық ахуалдың қалыптасқанына сенімді. Қыруар жұмыстар отандық экономиканың қарқынды дамуына да септігін тигізіп отыр.

Бұл әділ төрелік мінбері. Астана халықаралық қаржы орталығының соты мен Халықаралық төрелік орталығы инвесторлар мен кәсіпкерлерге қатысты коммерциялық дауларды шешеді. Қазақстандық сот жүйесінен өзгешелігі - талап арыздарды ағылшын соттары мен халықаралық деңгейдегі төрешілер қарайды.

Кристофер Кэмпбелл-Холт, АХҚО соты және ХТО тіркеушісі, аппарат басшысы:

- Инвесторлар өздеріне таныс сот төрелігін іздейді. Осыны түсіну маңызды. Лондоннан, Гонконгтан немесе Таяу Шығыстан, Америкадан, Германиядан, Еуропадан – жалпы қай елден болмасын инвестор келсе, дауларды шешу әдісін іздейді. Оны Астана халықаралық қаржы орталығы алаңындағы сот және төрелік орталығынан табады. Бізде үздік халықаралық коммерциялық тәжірибеге ие үздік шетелдік соттар жұмыс істейді. Барлық шешімдер Қазақстанда шешімін тауып, 100%-ға орындалды. Біздің сот пен төрелік орталығымыз тараптар мен инвесторлар үшін процестерді жеңілдететін заманауи сандық технологиялармен жабдықталған. Сонымен қатар біз Еуразия құрлығындағы өзге 8 мемлекетте жаңа кеңселерімізді аштық.

Астана халықаралық қаржы орталығының сотында тараптардың мүдделерін қорғау үшін 30 елден 600-ге жуық адвокат тіркелген. Мұнда келісім-шарттық міндеттемелер, қаржылық мәселелер, банк ісі, жылжымайтын мүлік секілді көптеген салаға қатысты даулар қаралады. Халықаралық сот шетелдік компаниялар үшін қосымша кепілдік ретінде маңызды. Олар ел экономикасына салынған қаржы заңдық тұрғыда қорғалатынына сенімді бола алады. 

Кристофер Кэмпбелл-Холт, АХҚО соты ЖӘНЕ ХТО тіркеушісі, аппарат басшысы:

- Инвесторлар ұлттық соттардың сенімді баламасын іздейді. Кейбір кәсіпкерлердің ұлттық соттарды қолдануын қолдаймыз. Себебі олармен достық қатынастамыз. Егер инвесторларға халықаралық стандарт қажет болса, дауларды шешу үшін Лондон, Дубай немесе Азияға барудың қажеті жоқ. Олар өз инвестициясыме Қазақстанда қалып, біздің сотқа жүгіне алады. Біз олардың таңдауларына ықпал ете аламыз. Осылайша бизнес өкілдері Қазақстанға серіктес ретінде үлкен сенім артып отыр.

Халықаралық қаржы орталығының соты еліміздің кадрлық әлеуетін дамытуға да ықпал етіп отыр. Мұнда 3 мыңнан астам отандық маман заңгерлік білім беру бағдарламасы аясында оқудан өтті. Солардың бірі Жібек Сатыбалдиева. Бүгінде білікті команданың жауапты мүшесі екенін мақтан тұтады. Халықаралық құқық саласында тәжірибе жинақтап, білімді шыңдау жас маман үшін таптырмас мүмкіндік, дейді. 

Жібек Сатыбалдиева, АХҚО соты және ХТО тіркеушісі, аппарат басшысы кеңсесінің кіші заңгері:

- Менің жұмыс міндеттеріме келетін болсақ, ол белгілі бір құқықтық инновацияларды қарау, материалдарды іріктеу, сот жүйесіне белгілі бір халықаралық практикада қолданылатын жүйелерді енгізу. Жаһандану қазіргі қоғамға көптеген талап қояды. Және де АХҚО соты және ХТО дауларды әділ, тиімді шеше қоймай, білім беру саласын да жақсы дамытуда. Бұл білім беру сатысын дамыту белгілі бір бағдарламаларды енгізу арқылы жүзеге асырылады. Әрине халықаралық құқықтың маңыздылығы өте жоғары.

Рухани Асқар, тілші:

- 2019 жыл басында Астана халықаралық қаржы орталығының соты алғашқы істі қарады. Сонымен қатар Халықаралық төрелік орталығына дауды арбитраж арқылы шешу үшін алғашқы талап арыз түсті. Барлық істер қысқа мерзімде әрі халықаралық стандарттарды қолдана отырып, шешімін тапты. Сарапшылар бүгінде Астана халықаралық қаржы орталығының соты мен Халықаралық төрелік орталығы – бұл инвесторлардың заңды құқығы мен мүддесін қорғаудың маңызды құралы деп біледі.