10-нан астам кәсіпорында дрон құрастырылады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кеше Үкіметтің  кеңейтілген отырысында жаңа өндірістер ашу туралы тапсырма берді.

Иә, Қайрат. Мемлекет басшысы озық технология өнімдерін өндіруді қолға алуды тапсырды.

Осы тұрғыдан келгенде ойға ұшқышсыз ұшатын аппараттар келеді. Бұрын тек шым-шытырық оқиғалы шетелдік фильмдарден көретін дрондар бүгінде күнделікті өміріміздің ажырамас бөлшегіне айналды.

Рас, қазір ұшқышсыз ұшатын аппараттар түрлі мақсатта қолданылып келеді. Тіпті мерекелерге орай дрондар шоуы өтіп тұрады. Ал осы дрондар біздің елде жасала ма?

Ұшқышсыз ұшатын аппараттарды халық арасында «дрон» дейді ғой. Қазір бұл салада даму бар деп айтуға болады. Қазіргі таңда 10-нан астам кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Алдағы уақытта айтып берейін.

Озық технологиялы өндірістер ашу қажет

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа инвестициялық кезеңді бастау керектігін айтты. Президент негізгі капиталға салынған инвестицияның ішкі жалпы өнімге шаққандағы үлесі азайып бара жатқанына назар аударды. Яғни, экономикаға жеткілікті қаражат салынбай жатыр. Соның салдарынан алдағы жылдары елдің даму қарқынын сақтап тұрудың өзі қиын болуы мүмкін.

«Жалпы өткен жылы экономикамыз 5,1%-ке өсті. Ең бастысы, еліміздің даму қарқыны бәсеңдеген жоқ. Бірақ қазір жайбарақат отыруға болмайды, себебі алдымызда ауқымды жұмыс тұр. Үкіметтің жұмысына жаңа серпін беру қажет», - деді Мемлекет басшысы.

Осы тұрғыдан келгенде инвестиция тартуға ерекше көңіл бөлу керектігін айтты. 

«Ішкі және сыртқы инвестицияны айтарлықтай көбейту керек. Бұл – жаңадан құрылған Инвестициялық штабтың негізгі міндеті. Штаб елге инвестиция тартуға қажетті біртұтас экожүйе қалыптастыруы керек. Даму институттарының жұмысын жандандырып, бизнес өкілдерімен тиімді диалог жүргізуге тиіс. Шетелдегі мекемелердің, орталық пен аймақтардың арасында тығыз байланыс орнату қажет. Ең бастысы, Инвестициялық штаб қажетті шешімді дер кезінде қабылдауы керек», – Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті.

 

Оннан астам кәсіпорында дрон құрастырылады

Президенттің тапсырмасына сәйкес озық технологияны қолданатын жаңа өндірістер ашу қажет. Жаңа өнім түрлері ретінде ұшқышсыз ұшатын аппараттарды айтуға әбден болады. Қазақстанда бұл салада 10-нан астам кәсіпорын жұмыс істейді. Мәселен, былтыр 1000-нан аса дрон құрастырылды.

Салаға бағытталған инвестиция да қомақты. Былтыр 2,5 млрд теңге қаржы құйылды. Бұл қаражат кәсіпорындардың өндірістік қуатын арттыруға тиіс.

Отандық дрондар түрлі мақсаттарда пайдаланылып келеді. Әсіресе орман алқаптарын қорғауда, егістіктерде, шекара күзеті мен қоғамдық тәртіпті сақтауда таптырмас көмекшіге айналды.

Сонымен қатар қазіргі таңда дрондарды экспортқа шығару мәселесі ойластырылып жатыр.

Батырбек Рыспаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Қорғаныс өнеркәсібі кешені департаментінің сарапшысы:

- Экспортқа қатысты айтатын болсақ, өндіріс қарқынын арттыруға барлық мүмкіндігіміз бар. Бұл бағытта тиісті жұмыстар жүріп жатыр. Біз түрлі деңгейдегі көрмелерде қазақстандық өнімдерді таныстырып, белсенді түрде келіссөздер жүргізіп келеміз. Министрлік пен қорғаныс өнеркәсібі кешеніндегі кәсіпорындар арасында тұрақты байланыс орнатылды. Шетелдік тұтынушылардың сұранысына сай өнім жасауға алғашқы қадамдар жасалды. Таяу жылдары экспортты жолға қоюды жоспарлап отырмыз.

 

Дрон ұшыруға рұқсат керек

Әскерилер дрондарды жиі-жиі сынақтан өткізіп тұрады. Мысалы, былтыр тамызда Қарулы Күштер құрылымдарына Түркияда шығатын Anka аппараты тапсырылды. Алдағы уақытта түрік елі аппаратты жасау технологиясын отандық кәсіпорындарға береді.

Ал дрондарды бейбіт мақсатта қолдануға келсек, мұнда бірнеше мәселені ескеру керек. Дрондарды қолдануға рұқсат беруде үш санат қарастырылған. Яғни, «Ашық», «Спецификалық» және «Сертификатталған» санаттарына бөлінеді. Әр санаттың талаптары әртүрлі. Мәселен, «Ашық» санатында әуелі дронды тіркеу қажет. Аппарат салмағы 1 жарым келіден аспауға тиіс. Дронды тек күндіз ұшырасыз және жер бетіне 50 метрден жоғары көтеруге болмайды. Сондай-ақ елді мекендерден, аэропорттар мен басқа да стратегиялық нысандардан алыс жерде ұшыру керек. Ал Алматы, Астана сияқты ірі қалаларда дрон ұшыру үшін арнайы рұқсат алу керек.

Былтыр бұл талаптарды орындамаған 35 адамға айыппұл салынды. Айыппұл сомасы 10 айлық есептік көрсеткіштен 100 айлық есептік көрсеткішке дейін барады.