Павлодар мұнай-химия зауыты жаңарудан өтеді

Биыл қыркүйекте Екібастұзда балалар шығармашылығы орталығы пайдалануға беріледі.

Онда  білім берудің озық үлгілері қамтылады. Орталықтың құрылысы былтыр басталған еді. Жоба Премьер-министрдің бақылауында болады. Олжас Бектенов Павлодар облысының әкіміне нысанды уақытылы іске қосуды тапсырды.

Екібастұзда балалардың бос уақытын қамтып, шығармашылығын дамытатын орталық жоқ. Осы олқылықтың орнын заман талабына сай болатын жаңа  мекеме толырады. Қазір оның құрылысы қарқынды. Іргетасы қаланып, металл конструкциялары орнатылып жатыр. Төменгі қабаты салынып бітті. 

Аян Бейсекин, Екібастұз қаласының әкімі:

- Жалпы алдымызда тұрған басты мақсат Екібастұз өңіріндегі 22 мың 590 оқушының енді кем дегенде 16 мыңын қосымша біліммен қамтамасыз ету. Сондықтан да құрылыс жұмыстары мына бірінші қыркүйекке дейінаяқтауды көздеп отырмыз. Бүгінгі күні құрылыс жұмыстарының кестесіне сай жұмыстар жүргізілуде. 

Орталық кішкентай қала тұрғындарына жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.  Онда ғарыштық радио байланыс, робототехника, өндірістік сәулет студиясы,  көркем-эстетикалық шеберхана және көптеген спорттық секциялар болады. Дегенмен шаһар инфрақұрылымының тозуы жалпы облыс үшін өзекті проблемаға айналды. 

Асайын Байханов, облыс әкімі:

- Өзіңіз білесіз жалпы Павлодар облысында инфрақұрылымның тозуы ең үлкен деңгейде. Енді былтырғы жылда 82 пайызды құрады. Биыл былтырғы жұмыстармен санағанда 80,5 пайызға дейін біз түсірдік оны.Дегенмен де екі бізде апаттық құбыр бар. Оның біреуі кәріз желілерінің коллекторы. Коллекторға 60 пайыз қаланың абоненттері қосылған. Ол қазіргі күні апаттық жағдайда. 

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Биыл да біз әрине қолдау көрсетеміз республикадан да, жергілікті бюджеттен де бар резервтерді жұмылдыруымыз керек қазір. Әлбетте қолдаймыз.

Жылумен қамту жүйелері жаңғыртылады 

Үкімет басшысы Екібастұздың жылумен жабдықтау жүйесін қалпына келтіруді жалғастыруды атап өтті. Былтыр бірсыпыра қиындықтар туындап, қалпына келтіру жұмыстары бір жылға созылды.

Олег Щемель, "Павлодарэнерго" АҚ Бас директоры:

- Станция кең ауқымды жаңғыртудан өтті. Барлық 10 қазандыққа күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ғимарат шатыры ауыстырылды. Энергетикалық қазандықтар, газ құбырлары және екі түтін мұржасы мен басқа да қосалқы бөлшектер жөнделді. 

Алпауыт көмір кеніштері мен электр энергиясымен танылған Екібастұзда темір жол кластері қарқынды даму үстінде. Олжас Бектенов ат басын бұрған мына кәсіпорын теміржол саласына қажетті өнімдер шығарады. Теміржол дөңгелектерін Еуропа нарығына экспорттау жоспары бар. 

Иван Дычко, зауыт директоры:

- Біз Еуропа нарығына бағытталған  дөңгелектерді  өндірумен айналысып жатырмыз. Бірқатар аудиттен өттік және болашақта еуропалық нарықты бағындырамыз деген сенімдеміз. 

Павлодардың мұнай-химия зауыты да жаңғыртудан өтеді. Мұнда қысқы дизель отыны мен жол құрылысына қажет битум өндіру жобасы әзірленіп жатыр. Премьер-министр аймақтың мұнай-химия кластерін құруға зор әлеуеті барын айтып, мемлекет өнім өндірушілерге жан-жақты қолдау көрсететінін жеткізді. 

Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков