Қазақстанға 640 тонна гүл жеткізілген

Қыз-келіншектерге сыйлық дегенде көбінің ойына бірден гүл келеді екен.

Зерттеуге қатысқан респонденттер де мұны растады. Сұралғандардың 87 пайызы жақындарына гүлден бөлек аксессуарлар сыйлап, тіпті романтикалық кешкі асқа шақыруды жоспарлап жүргенін айтты. 12 пайызы – гүлге гаджеттер және құны 1,5 млн теңгеге дейінгі тұрмыстық техника сыйлайтынын жеткізді. 7 пайызы зергерлік бұйымдар немесе құны 50 мың мен 500 мың теңге аралығындағы танымал брендттердің өнімін сыйламақ. Шетелге саяхат сыйлау жоспары бар азаматтар да көп екен.

Жақыныңызға қандай сыйлық дайындадыңыз?

87% - гүл, косметика, тәттілер, романтикалық кешкі ас

12% - гүл сыйлаудан басқа, гаджеттер және тұрмыстық техника

9% - шетелге саяхат

7% - зергерлік әшекейлер немесе танымал брендттер киімі

Енді осы сыйлықтардың орташа құнына жекелей тоқталсақ. Өмірді сақтандыру компаниясының есебіне қарағанда тәттілер шамамен 5000-15000 теңге тұрады. Гүлдер 15 000 мен 25 000 теңге аралығында. Иіс су немесе опа-далап 10 000-нан 30 000 теңгеге дейін бағаланыпты. Спа шараларына қызығатындар көп. Оларға ұсынылатын қызмет түрлері 25 000 теңгеден басталады. Романтикалық кешкі ас 65 000 теңгеге дейін барады. Гаджеттер 120 000-нан басталып, 600 000 теңгеден асуы мүмкін. Әлемдік бренд өнімдері шамамен 150 000 теңге. Тұрмыстық техниканы орташа алғанда 300 000 теңгеге дейін табуға болады. Зергерлік бұйымдар сол шамада. Зерттеушілер талғамға талас жоғын айтады. Әркім шамасына қарай көсілуге құқылы. 

Айман Мықтыбаева, сақтандыру компаниясы төрағасының бірінші орынбасары:

- Иә, сүйіктісіне жақсы сыйлық сыйлап қуантқысы келетіндер өте көп. Тіпті шет елдерге демалысқа апаратындар да жеткілікті. Оның бағасы биыл 600 мың теңгеден басталады. Әдетте көпшілік Таиланд, Въетнам, Мысыр бағытын таңдайды. Еуропаға да қызығатындар көбейді.

Қазақстандық әйелдердің 39 проценті ғана мерекеге сыйлық ретінде гүл алғысы келеді. Жыл басынан бері елге 12 млн дана гүл әкелініпті. Бұл шамамен 640 тоннаға жуық. Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегіне сүйенсек, импортталған өнімге 5 млн доллар жұмсалыпты. Әсіресе раушан гүлдеріне сұраныс көп. Оның үлесі 9 млн-нан асқан. Құны 3,4 миллион долларға жуық. Тізімді хри-зантема жалғайды. Оның 1 млн данасы қуаныш иелерін қуантқан. Қалампырды да жақсы көретіндер көп боп шықты. 9 тоннасына 68 мың доллар жұмсалды. Гүлдің негізгі импорттаушылары Эквадор, Нидерланды, Колумбия, Қытай, т.б. елдер. Бір жылда елдегі гүл бағасы 8% қымбаттады. Оған тасымал шығындары да әсер еткен. Ішкі өндіріс те қарқынды. Былтыр 17,6 млн гүл жиналған. Олар 13 аймақта өсірілді.

- Бізде көздің жауын аларлық гүлдер өте көп. Оны экспорттау жағы жолға қойылған ба?

- Мысалы, былтыр Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне раушан, қалампыр және хризантема бүршіктері, т.б жібердік. Негізінен енді гүлдеп келе жатқан түрлеріне сұраныс көп түседі.