Астанадағы базардан 98 келі насыбай тәркіленді

Астанадағы базарлардың бірінен 100 келіге жуық насыбай тәркіленді.

Заңсыз өнім Оңтүстік Қазақстаннан жеткізіліп тұрған. Ал сауда нүктесіне қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Еске салайық, елде насыбайды өндіруге және таратуға 2015 жылы тыйым салынған. Бұған қарамастан оның саудасы тыйылмай тұр. Дегенмен, жақында жаза қатаңдауы мүмкін.

- Неге сатып жатсыз?

- Жоқ, сатып жатқан жоқпын, жауып тастағанмын кеше естігеннен кейін. 

Бұл Байқоңыр ауданындағы базар. Сатушы тауарын тығып, "сөреден алып тастадым" деп ақталғанымен, шағын қоймадан тағы 100 келіге жуық насыбай табылды. Дәл осындай рейд Есіл ауданында да өтті.

Күлән Анарбекова, сатушы:

- Мен Шымкенттен, Абайдан алдырамын. Өзіміз егеміз ғой оны. Огородта егеді інілерім. Сөйтіп, мынаны жасап жібереді. Баяғыда да осындай нәрсе шыққан. Сатуға болмайды, андай-мындай деп. Екінші рет те рұқсат жоқ болса, біз уже істемейміз оны. Полный отказ береміз.

Тәртіп сақшылары 98 келі насыбай тәркіледі.  Ал сатушы әкімшілік хаттамамен құтылды. Бірақ жақында жаза қатаңдауы ықтимал. Ұлттық құрылтайда Президент насыбай өндіріп, таратқаны үшін жауапкершіліктің тым жеңіл екенін айтты. Заң күшейсе, онда вейп қана емес, насыбай таратқандар қылмыстық жауапқа тартылуы мүмкін. 

Наталья Бериханова, сауда орнының әкімшісі:

- Сауда орындарын жиі тексеріп тұрамыз. Базарда насыбай саудасына қатаң тыйым салынған. Бұл заңды білмейтіндер де бар. Бірақ біз бәрін түсіндіріп, талапқа сай жұмыс істеуге тырысамыз. 10 күн бұрын бес нүктеде насыбай анықтадық.

Бас шаһардың бес ауданында барлығы 100-ден астам сауда орны тексерілді. Нәтижесінде 50-ге жуық заңсыз факт анықталды. Вейп пен насыбай сатушылар жауапкершілікке тартылды. Заңды бұзған дүкен иелеріне хаттама толтырылып, 92300 теңге айыппұл салынды.

Ғазиза Мұхамеджанова, Жандос Битабаров