Министр дизель отынын қымбаттатпауға уәде берді

Көктемгі егіс жұмыстарына арналған дизель отыны қымбаттамайды.

Барлық облыста былтырғы баға сақталады. Яғни қосымша құн салығымен бірге литріне 250 теңге. Бұл бөлшек саудадан 15 пайызға немесе 45 теңгеге арзан. Жыл басында ауылшаруашылығы тауарын өндірушілер үшін 340 мың 300 тонна жанармай жеткізу кестесі бекітілгенін айта кеткен жөн. Ақпан-наурыз айларында 27 мың тонна дизель жөнелтілді. Бұл туралы Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Үкімет отырысында айтты.

Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі:

- Өткен жылы күзгі дала жұмыстары қалдықтарын ескере отырып, энергетика министрлігі Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, ауылшаруашылығы тауарын өндірушілер үшін дизель отынын тиеп жөнелтудің оңтайлы графигін айқындайды. Ауылшаруашылығы тауарын өндірушілер атына тиеп жөнелту тұрақты бақылауда болады.

Майлы дақылдарға басымдық беріледі

Сондай-ақ биыл 23 млн 800 мың гектар алқапқа ауылшаруашылығы дақылдарын өсіру жоспарланып отыр. Бұл былтырғы кезеңмен салыстырғанда шамамен 210 мың гектарға аз. Бидай, мақта мен күріш алқаптары да қысқаруы мүмкін. Ауылшаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың айтуынша, қысқартылған алаңдарға майлы дақылдар егіледі. Оның аумағын 385 мың гектарға өсіру жоспары бар. Мәселен, күнбағыс секілді әлеуметтік маңызы бар дақыл алқабын 60 мың гектарға ұлғайту көзделіп отыр.

Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

- Үкімет тапсырмасын және вегетация кезеңінде фермерлерді суармалы сумен қамтамасыз етуде туындайтын проблемаларды ескере отырып, ылғалды көп қажет ететін дақылдар алаңын қысқарту бойынша жұмыстар жүргізілді. Өткен жылмен салыстырғанда мақта алқаптарын 116 мың гектардан 100 мың гектарға дейін, яғни 16 мың гектарға қысқаруы болжанып отыр.