Жер бар, техника бар, ек те өнім ал!

Биыл Жетісу облысында қант қызылшасы алқабы 4 мың гектарға ұлғайды.

Шаруалар тәтті түбірді дер кезінде егіп, жинау үшін 8 сервистік орталық құрылады. Бұл мақсатқа жергілікті қазындан 2,5 млрд теңге бөлініп, дала еңбеккерлеріне қажет техникалардың алды жеткізіле бастады.

Ескендір Жайлықұлов су жаңа тұқым сепкішін Германиядан алдыртқан. Ол қазір егіс науқанына ең қажет техниканы сынақтан өткізіп жатыр. Шаруа биыл 100 гектар жерге қант қызылшасын себеді. Өсіп шыққан өнімді де озық үлгідегі комбайнмен жинап алуды жоспарлап отыр.

Ескендір Жайлықұлов, шаруа:

- Комбайн келе жатыр. СПК арқылы. Қант қызылшасының техникасына 50 пайыздай жеңілдік бар. Он жылға беріліп отыр. Екі жыл каникулы бар. Арасында квартальный төлейтіні бар. Комбайн келсе, өз техникаң өзіңде болғаннан кейін, уақытында аласың уақытымен зауытқа жеткізіп бересің. Бір жылдары қардың астында қатып қалдық, үсіп те қалдық. Соның бәрін көре-көре техниканы түгендеп жатқан жайымыз бар.

Техника тұқымды белгіленген арақашықтықпен бекітілген тереңдікке дәл түсіруімен ерекшеленеді. Әрі себелеп өткен жауынның өзі өскінге жетуі үшін соңынан жіңішке із қалдырып отырады. Тұтас үрдіс компьютерлік монитор арқылы бақыланады.

Саят Сейітбеков, шаруашылық жұмысшысы:

- Артықшылығы – жеңіл. Компьютер өзі сызып береді. Бұрын бұндай техника болмаған кезде қолмен рульді ұстап жүретінбіз. Кейде қисық кетіп қалатынбыз. Гектарын бәрін көрсетіп есептеп отырады. 

Жетісу облысында қант қызылшасының алқабын биыл 11500 гектарға жеткізу жоспарланған. Ол үшін шаруаларға тұқым мен тыңайтқыш 50 пайыздық субсидиямен беріліп отыр. Техникамен қамтамасыз етуге де жеңілдік қарастырылған. 

Бақтияр Шампиков, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

- Жергілікті бюджеттен 2,5 млрд теңге бөлініп, 62 дана жаңа заманауи техника алынды. Оның ішінде қант қызылшасын себуге 28 сепкіш алағалы отырмыз. Бүгінгі күнге жаңа сепкіштің 20 данасы әкелінді. Шаруашылықтарға таратылды. 

Кейінгі он жылда Жетісу және Алматы облысында 60 сервистік дайындау орталығы құрылды. Мемлекеттік бағдарлама шаруаларға техникасын жаңартып, егістік алқабын ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев, 24.KZ, Жетісу облысы