Туризмді дамытуға не кедергі?

Өткен жылы елімізге 9 млн астам шетелдік келген.

Оның ішінде жергілікті қонақүйлерге тоқтаған туристердің саны 1 млн 100 мың адамға жетті. Ал ішкі туризм бойынша шамамен 9 млн адам ел ішін аралаған. Бұл соңғы 4 жыл ішіндегі оң көрсеткіш. Алайда күрделі салада басқа да күрмеулі түйткіл көп. Мәселен, елде туристік автобустардың 70 пайызға жуығы ескірген. Тағы шет тілін жетік меңгерген мамандар тапшы.

Елорда тұрғыны Жарқын Мырзахан – жас кәсіпкер. Таяуда өзінің туроператорлық компаниясын ашып, шетелдік қонақтарды еліміздің әсем жерлеріне апарып, гидтік қызмет көрсетеді. Құрған фирмасының бюджеті қомақты болмаған соң, әзірге өз автопаркі жоқ. Осыған байланысты туристік автобустарды жалға алып отырады. «Сондықтан шығынның көп бөлігі жолаушылар тасымалына кетеді», - дейді.

Жарқын Мырзахан, кәсіпкер:

-Өзбекстан мемлекетімен салыстырғанда біздің транспорт өте ескі. Және туристерді алып жүру өте қымбат. Менің ойымша, қазақстандық туркомпанияларға мемлекеттен сәл қолдау қажет сияқты. Себебі біз сияқты кәсіпкерлер жоқтан бар жасап, бағыттарын құрып, өздері ұйымдастырып жатыр.

Таяуда Мәжіліс депутаты Қайрат Балабиев жаңа автобустардың тапшылығын айтып, Үкіметке депутаттық сауал жолдады. Оның сөзіне сүйенсек, ескі техника қаланың көркін кетіреді. Туризмді тұралатады. Себебі көп автобустың қолдану мерзімі 20 жылдан асқан.

Қайрат Балабиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

-Ескірген автобустар тасымал сапасына, қауіпсіздікке тікелей әсер етеді. Осындай күйдегі автобустармен туристерді тасымалдау ұят емес пе?! Бұл көрініс еліміздің беделіне нұқсан келтіреді. Шеттен келген қонақтарға жоғарғы деңгейде қызмет көрсетіп, барынша қолайлы жағдай жасағанда ғана елдегі туризмнің дамуына жол ашылып, шетелдіктерді тарта аламыз.

«Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы да бұл мәселені жоққа шығармады. Басқарма төрағасының орынбасары Даниель Сержанұлы: «Туристік санаттағы автобустардың тапшылығы сапар бағасының 30 пайызға дейін қымбаттауына алып келеді», - дейді.

Даниель Сержанұлы, «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары:

- Ол үшін мемлекет тарапынан бизнеске субсидия ретінде мысалы туристік автобус сатып алған кезде оның 25 пайызын қайтарып беру бойынша мемлекеттік қолдау шарасы енгізілді. 2022 жылы жұмыс істеп бастады. Небәрі екі өтінім түсті. Олар 25 пайызын қайтарып алды. Мысалы, 10 млн-ға сатып алса, мемлекеттен 2,5 млн қайтарып алды. Былтыр олардың саны 8-ге өсті. Биыл жыл басынан 6 өтінім түсті. Бірақ олардан көп болады деген сенімдеміз.

Мәжілісмен Алматы мен Түркістан қалаларында тозығы жеткен автобус көп деген еді. Алайда Түркістан облысының Мәдениет және туризм басқармасының өкілдері бұл ақпаратты жоққа шығарды. «Бізде көлік емес, білікті кадр жетіспеушілігі бар», - дейді.

Дархан Асанхан, Облыстық мәдениет және туризм басқармасының бөлім басшысы:

-2020 жылы Түркістан қаласында Халықаралық туризм университеті ашылған. Биылғы жылы алғаш түлектері оқу бітіреді. 500-ге жуық түлек арқылы осы проблеманы шешу жоспарлануда. Сонымен қатар қазіргі істеп жүрген мамандарды қайта даярлау сабақтарынан өткізу жұмыстары атқарылып жатыр. Түркістан қаласындағы қоғамдық көліктің жағдайын жақсарту бойынша соңғы 3 жылда 100-ден астам автобус сатып алынып, парк жаңартылған. Биыл 100 пайызға жеткізу жоспарланған.

Былтыр Түркістан өңіріне шамамен жарты миллион турист келген. Оның ішінде шетелдіктер де бар. Болашақта Каспий маңындағы елдер арасында круиздік туризмді дамыту жоспары тағы бар. Көрші елдермен бірлесе жасалатын бұл жоба 2030 жылға дейін қолға алынуы мүмкін.

Даниель Сержанұлы, «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары:

- Кеме Ресейден шығады да, Ақтауға соғады, одан кейін Әзербайжан, Иран және басқа мемлекеттерді аралап кететін болады. Бұл әлеуеті жоғары жоба деп санаймыз. Өйткені кеме келген бойда қалаға 2-3 мың адам шығады. Өте жақсы туризм түрі. Біз қазір шетелдік әріптестерімізбен хабардамыз. Маршруттарын ойластырып жатырмыз.

Айта кеткен жөн, елімізде соңғы 5 жыл ішінде отандық туризмге мемлекеттік бюджеттен 190 млрд тг бөлінген. Бұл қаражатқа қазір 110-нан астам инфрақұрылымдық жобалар іске асырылып жатыр. Өйткені салаға ақша құйғысы келетін инвесторлар бірінші кезекте туристік инфрақұрылымға мән береді.

Мирлан Алтынбек, Жандос Жұмабек, Мерей Талап, Ербол Даиров, Қуаныш Абуов