Отандық авто. Жабдықтарды өзіміз өндіреміз

Үкімет отандық автокөлік өндірісіндегі Қазақстан үлесін ұлғайтуды көздеп отыр.

Автоөндірушілер жыл соңына дейін шағын торапты құрастыру көрсеткішін 20 пайызға жеткізуге тиіс.Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі хабарлады. 2027 жылдың соңына қарай көліктердің 50 пайызы өзіміздің бөлшектерден құрастырылуы қажет.

Қостанайдағы көлік зауыты көлікке керек жабдықтарды өндіруге күш салмақ. Қазір кәсіпорын темір тұлпарларды сырттан әкелінетін бөлшектерден құрап отыр. Ал бөлшектер өндірісі жолға қойылса, тауар құны да арзандамақ. Одан бөлек қосымша жұмыс орындары ашылады.

Сергей Могилатов, Allur зауытының тораптандыру басқармасының бастығы:

- Біз орындықтар, түтін шығару желісі, электр құрылғылар мен кілемшелерді өзіміз шығаруды жоспарлап отырмыз. Бір қарағанда керемет қымбат бөлшектер емес, бірақ, тасымалдау құнын есептегенде қомақты қаржыны үнемдеуге болатынын көрсетті. Бұл бұйымдарды 2-3 мың шақырымнан тасығаннан өзімізде жасаған тиімді, әрине.

Сарапшылардың айтуынша, отандық көлік өнеркәсібін дамытуға әлеует жеткілікті. Биыл шағын бөлшектерді құрастыру көрсеткішін 20 пайызға жеткізу қажет. Ал 2027 жылдың соңына дейін 50 пайызды еңсеруге тиіс.

Төреәлі Әбдірахманов, ҚР ӨҚМ өнеркәсіп комитеті басқармасының бас сарапшысы:

- Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының аумағында Алматы қаласында тиісті компоненттік базаны дамыту туралы өндірістер соғылуда. Атап айтқанда, автомобиль орындықтары, мультимедиалық жүйелер және автокөлікке пластикалық бөлшектер жасалып жатыр.

Бұл межеге қол жеткізу үшін өндіріс желісін жаңғырту қажет. Жыл басынан бері отандық зауыттар 30 мыңнан астам көлік шығарды. Былтырмен салыстырғанда 7 пайызға артты. Басым бөлігі – жеңіл көліктер. Бұларға халық тарапынан сұраныс жоғары. Былтыр ресми орталықтар 200 мың көлік сатты.

Артур Мискарян, сарапшы:

- 2023 жылы белгілі брендтердің әрқайсы ел көлемінде 46 мыңнан көлік сатты. Ол брендтердің барлық түрі Алматы мен Қостанайдағы зауыттарда құрастырылады. Тұтынушылардың үштен екісі елімізде шығарылатын осы көліктерді сатып алып отыр. Яғни, отандық көліктерге сұраныс бар.

Біздің нарық ТМД-дағы ең үлкен үш нарықтың қатарына кіреді дейді сарапшылар. Тек, Ресей мен Өзбекстанға жол беріп тұрмыз. Отандық өндіріс қуаты алдағы уақытта арта түспек. Биыл қостанайлық зауыт 120 мыңнан астам көлік құрастыруды жоспарлап отыр.

Нұрқанат Қанапия, Әлішер Әшімов, Бағдат Қайыркен, 24.KZ