Субсидия. Министр бәрі бақылауда екенін айтты

Көктемгі егіс жұмыстарына Үкіметтен 140 млрд теңге бөлінді.

Форвардтық сатып алу бағдарламасы да жалғасын тапты. Биыл оған 40 млрд теңге бөлу көзделген.

Бұл туралы Үкімет отырысында айтылды. Премьер-министр Олжас Бектенов ауыл шаруашылығы субсидияларының әділ бөлінуін бақылау керек екенін айтты. Өйткені бөлінген қаржы саланың ірі ойыншыларының табыс көзіне айналмауы тиіс, деді.

Субсидия бөлу бойынша барлық құқық әкімдіктерге тапсырылды. Осыған байланысты Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров өңір әкімдерімен бірлесіп, шаруаларға тиесілі субсидияны әділетті және тиімді бөлу мәселесін қатаң бақылауға алады.

Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

- Сіз тапсырғандай бүкіл облыстан тізім жинадық. Аграрлық несие корпорацияға өтініштер, қағаз, құжаттар бәрі түсіп жатыр. Жұмысты жүргізіп жатырмыз. Дүйсенбіден бастап қаржы түсе бастайды. Шаруашылықтар қаржыларын ала бастайды. Тікелей қаржы біріншіден тұқымға, екіншіден тыңайтқышқа, үшіншіден арамшөппен күресуге арналған препараттарға және жанар-жағармай мен саймандарға беріледі.