Қандай мамандыққа сұраныс артады?

Есепші, күзетші, инкассаторға соңғы кезде сұраныс артып келеді.

Алдағы уақытта да маман тапшылығы сезілуі мүмкін дейді еңбек ресурстарын дамыту орталығының сарапшылары. Жасанды интеллект болашақта қай мамандықты еңбек нарығынан ығыстыруы мүмкін? Озық технология қай маманды алмастыра алмайды?

Дабыл жүйесін орнатып, арнайы күзет қызметін ұсынатын мына фирмаға ай сайын 60-қа жуық өтініш түседі. Сапалы қызмет көрсету үшін білікті кадр қажет. Сол себепті жыл сайын мұндай маманға сұраныс артпаса, кемімейді, - дейді мекеме басшысы. 

Болат Мұқышев, күзет фирмасының директоры:

- Күзетшілерге сұраныс артатыны туралы болжам шындыққа жанасады. Себебі күн сайын жаңа бизнес нысандары ашылып жатады. Әрине әрбір кәсіпкер өзінің дүние-мүлкін қорғап, қауіпсіздігін қамтамасыз еткісі келеді. Мәселен, былтыр осындай уақытта бізге 30-35 өтінім түссе, бүгінде өтінім саны алпысқа жуықтаған.

Алдағы жеті жылда Қазақстанда инкассаторларға да сұраныс өседі. Еңбек ресурстарын дамыту орталығы сарапшылары келтірген мәліметке сүйенсек, осындай 78 мыңдай маман қажет болады. Сонымен қатар есепші, жүргізуші мен дүкен сатушылары жетіспеуі мүмкін. Әсіресе халық саны қарқынды өсіп жатқан Астана, Алматы мен Шымкентте сұраныс жыл санап артып барады.

Қайырбек Аяшев, Еңбек ресурстарын дамыту орталығының басқарма жетекшісі:

- Бұған осы салада еңбек ететін мамандардың зейнет жасына таяғаны себеп. Тіпті жаңа ұйым, кәсіпкерлік насандары ашылып, қалалардың аумағы ұлғайғанын есепке алмаған күннің өзінде,  бұл мамандықтардға деген жылдық сұранысты өтеу қиын. Осы себепті бүгінде аталған мамандардың тапшылығы қатты сезіледі.

Дей тұрғанмен, кей сарапшы бұл мамандықтар болашақта керісінше жойылып кететеді деп отыр. Шамамен алдағы 10 жылда жасанды интеллект еңбек нарығына біршама өзгеріс енгізеді. Бірақ қызметін алмастыра алмайтын педагог мамандарға сұраныс өсе бермек. Әсіресе инклюзивті білім беру саласында еңбек ететін білікті кадр аз. 

Лаура Бұтабаева, ҚР Оқу-ағарту министрлігі инклюзивті және арнайы білім беру департаменті директорының м. а:

- Әлі күнге дейін әсіресе арнайы педагогтардың жетіспеушілігі мәселесі бар. Өйткені 86 пайыз мектеп инклюзивті білім беруге жағдай жасады деп айттық қой. Енді негізгі мақсатымыз 100 пайызға жеткізу. 100 пайызға дегеніміз кез-келген мектепке арнайы педагогтардың болуын шарттайды. Ал ол өкінішке орай әсіресе алыс жерлерді мұндай кадрлармен қамту әлі де проблема. Өйткені жеткіліксіз бұл кадрлар. Біз өз тарапымыздан ұсыныстарды барлық жерден көтеріп жатырмыз. Айтып жатырмыз арнайы педагогтарды даярлап, санын көбейту керек деп. 

Жыл сайын деффектолог, логопед сияқты арнайы педагогика мамандығына 400-ден аса грант бөлінеді. Осыған қарамастан мұндай мамандар даярлауды әлі де ширата түсу қажет. Жалпы 2030 жылға қарай еліміздегі мектептерге 124 мыңға тарта мұғалім жетіспеуі мүмкін деген болжам бар.

Бақыт Топтаева, Айсұлу Махмұтова