352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Junior Eurovision 2018» байқауында өнер көрсетуге үміткер - Сүйкім Қабылбек

  • 131

22 қыркүйекте Алматыда жас таланттардың қатысуымен гала-концерт өтеді. Олар - «Junior Eurovision» халықаралық ән байқауында өнер көрсету үшін іріктеуден өткен жеңімпаздар.

Ерекше дауысымен көзге түскендердің бірі Сүйкім Қабылбек.

Сүйкім бала күнінен ән мен биге құштар. Талай байқаудың жеңімпазы. «Junior Eurovision» халықаралық ән додасына қатысу үшін іріктеуден мүдірмей өткен 10 үміткердің бірі.

Сүйкім Қабылбек, байқауға қатысушы:

- Байқаудың талаптары бойынша жаңа ән болу керек болды. Сондықтан сол талаптар бойынша ән жаздырттық. Осы ән арқылы өзімнің елімнің қандай көркем, байтақ екенін, кең екенін көрсеткім келді.

Лаура Ержанова, Сүйкімнің анасы:

- Конкурс барысында 300-ден аса бала құжат тапсырды деді. Оның ішінен үшінші қылып Сүйкімді жариялады. Өте қуандық.

Енді Сүйкім гала-концертке қызу дайындалуда. Сабақтан тыс уақытта вокалға қоса - би, спортпен айналысып, актерлік шеберлігін шыңдайды. Табанды қыздың межелеген биігін бағындырарына ата-анасы мен ұстаздары сенімді.

Закира Құрманбекқызы, музыка пәнінің мұғалімі:

- Сүйкімнің вокалдық мүмкіндіктері өте жоғары. Ізденгіш. Жоғары ноталарды жақсы алады. Өзінің жеке авторлық әндері бар. Сүйкім болашағынан көп үміт күттіретін шәкіртіміз.

22 қыркүйекте Алматыда жас таланттардың қатысуымен өтетін гала-концертті «Хабар» арнасы тікелей эфирде көрсетеді. Жезтаңдай әнші көрермен мен қазылар алқасының дауыс беруі арқылы анықталмақ. Жеңімпаз Минск қаласында өтетін халықаралық байқауға жолдама алады.

Авторлары: Гүлмайра Қуатбайқызы, Абдулла Исаев

Хабар 24 телеарнасы